Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткен Мемлекеттік Туды көтеру салтанатында сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін талдап, онда айтылған негізгі мазмұндық басымдықтарға тоқталды.
Қариннің айтуынша, Мемлекет басшысы мерекелік құттықтаумен ғана шектелмей, елдің болашағына қатысты бірқатар маңызды тұжырым мен стратегиялық бағытты атап өткен. Ол Президент сөзінен өзекті деп санаған тоғыз негізгі дәйексөзді бөліп көрсетті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Конституцияның 1 шілдеден бастап күшіне енетінін еске салып, тамыз айында бір палаталы Құрылтайға сайлау, ал қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру жоспарланғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңіне қадам басып отыр.
Ерлан Қарин ерекше назар аударған бағыттардың бірі – заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті нығайту мәселесі. Президент азаматтардың басым бөлігі заң үстемдігін қолдайтынын және «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар қол жеткізілген нәтижелерге тоқмейілсімей, Қазақстанды шынайы өркениетті мемлекетке айналдыру үшін жаңа мақсаттарға ұмтылу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы елде жасампаздыққа негізделген жаңа қоғамдық күн тәртібі қалыптасып келе жатқанын да ұмытпады. Оның айтуынша, қоғамда жаңа идеялар, жаңа тұлғалар және патриоттардың жаңа буыны пайда болуда. Бұл үрдіс соңғы жылдары жүзеге асқан реформалардың нақты нәтижесі ретінде бағаланды.
Қарин атап өткен маңызды тезистердің қатарында жалпыұлттық құндылықтар төңірегінде топтасу қажеттігі де бар. Президенттің пікірінше, Әділетті Қазақстанды құру және мемлекеттілікті нығайту үшін барлық сындарлы әрі прогрессивті қоғамдық-саяси күш ортақ мақсатқа жұмылуға тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы егемендік пен Тәуелсіздікті еліміздің ең қасиетті құндылығы деп атап, Қазақстан өз күшіне сенетін, батыл әрі дербес әрекет ететін мемлекет болуы керектігін жеткізген.
Президент сөзінде ұзақ мерзімді басымдықтарға да ерекше мән берілді. Ол мемлекет үшін уақытша жағдайдан гөрі ұлттық мүдде мен стратегиялық мақсаттардың маңызды екенін атап өтті.
Жиында цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі құндылықтарды жаңғырту мәселесі де көтерілді. Тоқаевтың айтуынша, өткен дәуірдің озық құндылықтарын заман талабына сай бейімдеу және оларды қазіргі өркениетпен ұштастыру – ел алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Ерлан Қарин Президент сөзіндегі қорытынды ой ретінде соңғы жылдарды Қазақстан үшін тарихи бетбұрыс кезеңі деп бағалаған тұсын атады. Мемлекет басшысы жүргізілген реформалардың барлық салаға серпін бергенін, ал қоғамдық санада ынтымақ, еңбекқорлық, тәртіптілік пен үнемшілдік секілді құндылықтардың орныға бастағанына баса мән берді.