Ақтөбе облысының Қобда ауданында бірінші сынып оқушысы мектепте бензин ішіп қойып, ауруханаға түсті. Оқиға оқу жылы аяқталарға аз уақыт қалғанда болған. Үлкен үзіліс кезінде бірінші сынып оқушысы далада ойнап жүрген. Кейін белгісіз себеппен мектептің жертөлесіне түсіп кеткен. Сол жерден ішінде белгісіз сұйықтық бар ыдысты тауып алып, ішіп қойған. Содан кейін қайтадан сыныпқа оралған.
Білім басқармасы Қобда ауданындағы жеті жастағы баланың бензин иісі бар сұйықтықты абайсызда ішіп қойғаннан кейін ауруханаға жатқызылғанын растады. Облыстық балалар ауруханасында ем алып, бақылауда болғаннан кейін оның жағдайы тұрақтанған. Қазір өміріне қауіп жоқ, бала үйіне шығарылған. Білім басқармасында оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.