Ерекше статус берілген Алатау қаласына қарасты 70-тен астам отбасы далада қалуы мүмкін. Өйткені 10 жыл бұрын алған жерлерінің құжаты жалған болып шығыпты. Кей тұрғындарға үйінің сүрілетіні туралы айтылған. Енді олар жалғыз баспанамыздан айрылып қаламыз ба деп қорқады. Бұл туралы 365info.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Үйдің құжатын ала алмай жүргеніме 10 жыл болды. Қазір балалар да тіркеуде де жоқ, газ да жоқ, су да жоқ. Бәріне шағымдандық, әкімдіктің де қолынан келмейді. Анаған да бардық, мынаған да бардық. Ертең, бүрсігүні дейді», – деді Наурызхан Қалаш.
Мәдина Байдолла жерінің құжаттары жалған екенін екі жыл бұрын ғана білген. «Құжаттарың жоқ» деп қуып шықса, балаларымен қайда барарын білмейді.
«Үйімізге 15-20 миллиондай кетіп отыр. Бұл үйді тартып алған жағдайда мен бала-шағаммен қайда шырылдап барамын? Менің қос бірдей бала-шағам бар. Тағы да аяғым ауыр, босанайын деп отырмын. Ешқандай жерде тіркеуде болмағандықтан, емханаға да, кез келген жерге отыра алмаймыз», – деді тұрғын Мәдина Байдолла.
Тіркеуі жоқ тұрғындар баласын мектепке бере алмай, емханаға қарала алмайды екен. Ал құжаттарын талап еткенде, қос ауданның шенділері бір-біріне сілтепті.
«Бізге мынадай құжаттар берілді, түпнұсқа мөрімен берілді. Біз үш жылда екі реттен создырып тұрдық. 40,50 отбасы да жалған құжатпен жүргенбіз. Енді біз таза ауада тұрмыз ғой», – деді Әсел Қасымбекова.
Әкімдік туындаған түйткілді «шеше алмаймыз» дейді. Кезінде жер құжаттарын толық рәсімдемей, үй салып алған тұрғындардың өздері де кінәлі деп отыр.
«Бұл кісілер құжатын рәсімдеп бастап, толығымен аяқтап тіркелмей, кейбіреуінің жалға алған мерзімі өтіп кеткен, кейбіреуі мемлекеттік актісін алмаған. Біз толық сараптама жасадық. Бірақ қазір беретін кеңесіміз: тек сот арқылы заңдастыру керек. Қазір ақпараттың барлығы бар ғой. Біз оны облысқа да шығардық. Мүмкін комиссия құрылады және комиссия оңтайлы шешім шығарса, болады. Ал болмаса тек сот арқылы шешу қажет», – деді Алатау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрдос Сылдырбаев.