Жаңа Конституция жобасы қоғам талқысына ұсынылғалы бері ел ішінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Әлеуметтік желіде де, сарапшылар арасында да жекелеген баптарға қатысты түрлі көзқарас айтылуда. Бұл – табиғи үдеріс. Себебі Конституция – мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін негізгі құжат.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай бұл талқылаулардың маңызын атап өте отырып, назардың көбіне бірнеше тармақтың айналасынан аспай қалатынына тоқталды.
«Біздің айтқандарымыз көбіне екі-үш тармақтың төңірегінен аспай жатқандай әсер қалдырады. Ал шын мәнінде, жаңа Конституция 320 тармақтан, 95 баптан тұратын ауқымды құжат», – деді ол.
Расында, бұл жолы Ата заң жобасын дайындауға бұрын-соңды болмаған деңгейде қазақстандық мамандар тартылған. Депутаттың айтуынша, 1995 жылғы Конституция небәрі 12 адамның қатысуымен жазылса, оның үшеуі шетелдік сарапшылар болған. Ал жаңа жобаны әзірлеуге 130-дан астам отандық маман қатысқан.
«Қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бірізділік жоқ, баптары шұбалаңқы, күрделі. Оны қарапайым халық түгілі, заңгерлердің өзі әрең түсінетін. Жаңа Ата заңның қазақ тіліндегі нұсқасы толықтай қайта жазылды», – дейді Мақсат Толықбай.
Жаңа редакцияның тағы бір маңызды қыры – тарихи сабақтастықтың нақты көрініс табуы. Бұрынғы Конституцияда тарих туралы ештеңе айтылмаған болса, жаңа Ата заңда Қазақ мемлекетінің мыңжылдық мемлекеттілігі айқын көрсетілген.
Соңғы күндері қоғамда «жекелеген аумақтарға ерекше мәртебе беріледі» деген пікірлер де тарады. Депутат бұл мәселеге арнайы тоқталды.
«Жаңа Ата заңның кіріспесінде де, 2-бабында да Қазақстанның аумағы мен шекарасының тұтастығы өзгермейтіні тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, елдің аумақтық тұтастығы ешқашан мәселе ретінде талқыланбайды деген сөз», – деді ол.
Сондай-ақ «Президентке қосымша өкілет беріледі» деген пікірлердің де негізсіз екенін айтты. Президенттің жеті жылға бір рет сайлануы, жақын туыстарының саяси қызмет атқара алмауы туралы норма өзгеріссіз сақталған.
Жаңа Конституцияның өзегіне адам құқығы мен бостандығы шығарылған. Бұл қағида Преамбулада алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде көрсетілген.
«Енді кез келген адам ұсталған сәттен бастап оған өз құқығы түсіндірілуі тиіс және сол мезеттен бастап адвокат көмегін пайдалануға мемлекет кепілдік береді. Адвокатураның мәртебесі Ата заң деңгейінде бекітіледі», – деді депутат.
Білім, ғылым және инновация да стратегиялық бағыт ретінде танылған. Бұл салаларға қаржы үнемдеу енді конституциялық талаптарға қайшы әрекет ретінде бағалануы мүмкін. Мақсат Толықбай дін мен мемлекеттің ара-жігінің нақты ажыратылуын да маңызды норма ретінде атады. Бұл дінге қысым емес, барлық конфессияға тең көзқарастың кепілі.
Цифрлық қауіпсіздік мәселесі де алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілген. Азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке деректерін қорғау – жаңа редакциядағы елеулі жаңалықтардың бірі.
«1995 жылғы конституцияда «цифрлық қауіпіздік» деген бірде-бір тіркес жоқ. Жаңа редакцияда азаматтардың цифрлық кеңістіктегі жеке өмірін қорғау туралы бап алғаш рет ата заңда көрініс тапты», – деді ол.
Сондай-ақ «неке» ұғымы да нақты айқындалып, ол ер мен әйел арасындағы одақ ретінде белгіленген. Коммерциялық емес ұйымдардың қаржылық ашықтығына да талап күшейтілген. Халықтық кеңеске қатысты да қоғамда түрлі пікір бар. Депутаттың айтуынша, ол Парламентке балама орган емес.
«Халықтық кеңес ұсыныстарды жүйелеп, Құрылтайға заң жобаларын ұсынады, референдум бастамасын көтере алады. Ал Құрылтай түпкілікті шешім қабылдап, саяси жауапкершілікті өз мойнына алады», – деді ол.
Парламенттегі депутаттар санына қатысты да салыстыру келтірілді. Португалия, Швеция, Литва мысалдарын алға тарта отырып, Қазақстандағы 145 депутат туралы ұсыныстың орынды екенін айтты. Сөз соңында Мақсат Толықбай Әлихан Бөкейхановтың «Адам заң үшін тумайды, заң адам үшін жазылады» деген сөзін еске салды.
Жаңа Конституция жаңа мемлекет құру үшін емес, бар мемлекетті жаңа мазмұнмен нығайтуға бағытталған. Преамбулада алғаш рет «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарының бекітілуі де – соның айғағы. Бұл құжат тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, қоғамның болашақ бағдарына айналуы тиіс деген ой айтылды.