Астана қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Айгүл Шағалтаеваның мәліметінше, зертханалық мониторинг барысында ЖРВИ және тұмаумен ауырған пациенттерден алынған 285 үлгі зерттелген. Оның 116-сы А (H3N2) тұмау вирусына оң нәтиже көрсеткен.
Қазіргі эпидемиологиялық маусымның алғашқы 43-аптасында А (H3N2) вирусының 14 жағдайы анықталған. 44-аптада А (H3N2) вирусының 30 жағдайы тіркелді. 45-аптада А (H3N2) вирусының 72 жағдайы және қосымша COVID-19-дың 6 жағдайы тіркелген.
«А (H3N2) тұмау вирусының штамы (гонконг тұмауы, алғаш рет 1968 жылы Гонконгте анықталған) жыл сайын айналымда жүретін маусымдық вирус және жаңа штамм болып саналмайды. H3N2 тудыратын ауру жағдайлары әр эпидмаусымда кездеседі және тұмаудың кәдімгі белгілерімен өтеді», – деді санитар дәрігер.
Тұмау және COVID-19 бойынша теріс нәтиже көрсеткен материалдар қосымша зерттелді, нәтижесінде 101 тұмауға жатпайтын вирус анықталды, бұл барлық оң нәтижелердің 59% құрайды. Анықталған вирустар арасында риновирус15%, бокавирус 7%, аденовирус 5%, парагрипп 4%, РС-вирус 2%, микст-инфекциялар 25%.
«ДДСҰ болжамы бойынша, қазіргі эпидмаусымда үш штамм – A (H1N1), A (H3N2) және B белсенді болады. Бұл штамдар осы маусымдағы тұмауға қарсы вакцинаның құрамына енгізілген, сондықтан аурудың ауыр түрінен сенімді қорғауды қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.