Астанада көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылып, кондиционер төмен құлағаннан кейін жарақат алған бес адамның екеуі жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр. Қалған үшеуі ауруханада ем қабылдап жатыр. Қалалық полиция сапасыз салынған құрылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу басталды.
КТК мәліметінше, тоғыз қабатты үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы аяқ астынан опырылып түскен. Алғашында жолда кетіп бара жатқан апалы-сіңлі екі әйел мен олардың ағасы ауыр жарақат алған. Бірнеше секундтық айырма өмірді шегіне жеткізген: үйдің қасбеті дүкенге кірмек болған екі әйелдің дәл үстіне құлаған.
«Күйеуім жүгіріп келді… өзі де тастың астында жатыр, жанында фельдшердің аяғы көрініп тұр», – дейді науқастың келіні Айгүл Қалиева.
Зардап шеккендердің арасында үйленгеніне небәрі екі апта болған жас жұбайлар бар. Жедел жәрдем қызметкері Әділет Зейнел сол түні жансақтау бөліміне түскендердің қатарынан өзінің жарын көргенде сілейіп қалғанын айтады.
«Күнде түрлі жарақатпен қанша адам қабылдаймыз. Бірақ өз әйелімді сол күйде көргенде ештеңе істей алмадым. Қолым дірілдеп, тек жыладым», – дейді ол.
Зардап шеккендердің жақындары төтенше жағдай қызметі дер кезінде жетпеді деп айыптаған. Алайда ТЖД өкілдері ақпаратты жоққа шығарып отыр. Әділет басқармасының орынбасары Әрлен Бүркітбайдың айтуынша, алғашқы хабарды жедел жәрдем алған, олар оқиға орнына бірінші болып жеткен. Ал 112 қызметіне хабар түскенде құтқарушылар дереу жолға шыққан.
«Әлеуметтік желілерде тараған «құтқарушылар кеш келді» деген мәліметтер шындыққа жанаспайды», – деді ол.
Дәрігерлердің мәлімдеуінше, үш науқастың хәлі орташа, палатаға ауыстырылған. Ал екі адамның жағдайы өте ауыр. Полиция «Сапасыз салынған құрылыс» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер үйдің қаптамасының неге опырылғанын, құрылыс нормаларының қаншалықты сақталғанын анықтап жатыр.