Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
-5
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Қайролла Көшқали: «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі – Қазақстанның рухани бренді»

2003 жылдан бері Астана қаласында тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан бұл форум өзінің мазмұны, қатысушылар деңгейі және жаһандық үндеулері арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның рухани дипломатиядағы бірегей моделін паш етті. Бұл – тек діни көшбасшылардың кездесуі емес, бұл – адамзаттың ортақ болашағы үшін жауапкершілікті бөлісетін алаң, бейбітшілік пен өзара құрметті насихаттайтын биік мінбер.

Съездің басты мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сындарлы диалог орнату, өзара сенім мен құрметті нығайту, жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп жауап іздеу. Мұнда адамгершілік, әділеттілік, төзімділік және бейбітшілік сынды әмбебап құндылықтар талқыланып, ортақ келісімге келу дәстүрге айналған.

Бүгінге дейін өткізілген жеті съезге ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, синтоизм, даосизм секілді дүниежүзілік діндердің өкілдері қатысып, діни экстремизмге, радикализмге, ксенофобия мен өшпенділікке қарсы үн қосып келеді. Әр съезд қорытындысы нақты Декларациялармен, Үндеулермен бекітіліп, мемлекеттер мен халықтар арасындағы татулық пен бірлікке үндейді.

Бұл ретте съездің тұрақты жұмыс органы – Хатшылықтың рөлі де айрықша. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы басқаратын Хатшылық жыл сайын жиналып, келесі съезд күн тәртібін, мазмұнын, секциялық отырыстар тақырыптарын нақтылайды. 2025 жылы өтетін VIII съезд аясында «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбын талқылау жоспарланып отыр. Бұл – тек конфессияаралық емес, өркениетаралық үнқатысудың жаңа белесіне бастайтын маңызды бастама.

Съезд жұмысына халықаралық ұйымдар – БҰҰ, ЕҚЫҰ, Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де беделді құрылымдар қызығушылық танытып келеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатындағы бейбітсүйгіш бағыты мен ел Президентінің жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесінің мойындалуы деп білеміз.

Астана қаласы осы съездің тұрақты мекеніне айнала отырып, бүгінде тек әкімшілік-іскерлік қана емес, рухани дипломатияның да жаһандық орталығы болып отыр. Бұл – әрбір астаналық тұрғын үшін ерекше мақтаныш. Астана қаласы Дін істері басқармасы ретінде біз Съездің мазмұнын халық арасында кеңінен насихаттау, жастардың діни сауаттылығын арттыру, толеранттылық мәдениетін орнықтыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

Сонымен қатар, Съездің жаңа институты – Ізгі ниет елшілері, сондай-ақ Жас дін лидерлерінің форумы арқылы бұл бастамаға жас буын өкілдерін тарту жүзеге асып жатыр. Бұл ұрпақтар сабақтастығының, рухани бірліктің жарқын көрінісі.

Әлемнің болашағы – өзара сыйластық пен бейбіт қатар өмір сүруге деген талпынысқа тікелей байланысты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеяларын қолдау арқылы біз тек бүгінді емес, ертеңгі ұрпақ үшін де рухани тұрақтылықтың іргетасын қалап отырмыз.

Қазақстан осы бағыттағы қызметін алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Біз ортақ құндылықтарды – бейбітшілік пен келісімді, адамгершілік пен ізгілікті ұстана отырып, әлемге жарқын үлгі болуға лайықтымыз.

Астана қаласының Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқали

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2025 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз