Алматы облысындағы «АзияАгроФуд» компаниясының жем зауытында болған жарылыс төрт адамның өмірін қиды. Бұл туралы компания ресми түрде мәлімдеді. Оқиға 23 мамыр күні тіркелгенімен, ақпарат пен видеолар 26 мамырда ғана тарала бастады. Алғашқы мәліметтерде бір адамның көз жұмғаны, үшеуінің ауыр жарақат алғаны хабарланған. Алайда компания кейіннен олардың да өмірін сақтап қалу мүмкін болмағанын жария етті.
«Бұл қайғылы жағдай бүкіл ұжым үшін ауыр соққы болды. Қаза тапқан әріптестеріміздің отбасыларына көңіл айтамыз», – делінген мәлімдемеде.
Компания марқұмдарды жерлеу шығынын толық өтейтінін және сақтандыру төлемдерінен бөлек материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін айтты. Қажет болған жағдайда, марқұмдардың отбасындағы қарыздарды да өтеуге дайын.