Ақтауда облыстық әкімдік алдында өзін-өзі өртеп жіберген ер адам ауруханада қайтыс болды. Ақпаратты облыстық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Руслан Бекібаев растады.
Оның айтуынша, тұрғын 17 желтоқсан күні таңғы сағат 9-да қайтыс болған. Ол 12 күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан.
«Денесінде 98% термиялық күйік болды. Біз ол ауырсынуды сезінбеу үшін дәрі-дәрмекпен ұйықтаттық. Бірақ содан кейін оның қан қысымы төмендеп, күйіктен шок алып, қайтыс болды», – деді Бекібаев.
Еске салайық, 5 желтоқсан күні Маңғыстау облысында ер адам әкімдік ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген еді. Облыстық ішкі саясат басқармасының ақпаратына сәйкес, ер адам өңір басшысымен кездесе алмаған.