Солтүстік Қазақстан облысында танымал спортшы Айша Уәлишанның отбасы ауылда 23 жастағы жігітті 10 айдан артық құлдықта ұстап келген. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Алматы облысының 23 жастағы тұрғыны Мұқан Негматов журналистерге қалай құлдыққа түскені, қандай зәбір көріп, қалай қашып шыққаны туралы айтып берген. Жігіттің айтуынша, әйелдер күресі бойынша Азия ойындарының қола жүлдегері Айша Уәлишан және оның отбасы 2023 жылы СҚО Уәлиханов ауданы Жасқайрат ауылына 500-600 мың теңге жалақы төлейміз деп алдап әкелген. Спортшының күйеуі Әлфараби ұрып-соғып, қара жұмысқа жеккен, зорлық әрекетке барған.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында мұқият тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық дәлелдер мен айтылған сөздер қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұқият тексеріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілуге жатпайды», – делінген СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.