Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі әйелді баспана кезегінен заңсыз шығарып жіберген. Сот анықтағандай, мүмкіндігі шектеулі әйел 2006 жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке тұрған. Бірақ 18 жылдан кейін биыл оның жолдасына жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелуіне байланысты ол кезектен шығарылған. Тіркеуге алынған сәттен бастап оның тұрғын үйінің бар-жоғы туралы қалалық тұрғын үй қомиссиясы бірнеше рет тексерген.
Апелляция істі қарай келе, оның күйеуінің жалпы ауданы 44 шаршы метр 2 бөлмелі пәтері 4 адамнан тұратын отбасының тұруына жеткіліксіз екендігін ескерді. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 69-бабының 4-тармағына сәйкес, тұрып жатқан тұрғын жайы белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмесе азаматтар тұрғын үйге мұқтаж деп танылады. 2011 жылғы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды тексеру актісі бойынша үйде су мен жылу жоқ, кәріз жүйесі жұмыс істемейтіні анықталды.
«Сот талап қоюшыны коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танып, әкімшілік органның сенімгерлік құқығын қорғау қағидасын бұзғанын анықтады. Заңдылық, пропорционалдылық, сенім құқығын қорғау, құқықтардың басымдығы қағидаттарын ескере отырып, әділдік пен парасаттылық өлшемшарттарына сүйене отырып, әйелдің талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды», – делінген сот хабарламасында.