Жетісу облысында Алакөл төбесінен ұшып бара жатқан дельтаплан көлге құлап, екі адам ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер көлге құлаған ер мен әйелдің ауыр жағдайда екенін айтты.
«Олар жедел жәрдем көлігімен Алакөл ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Зардап шеккендер ауруханаға ауыр жағдайда келіп түсті», – деп мәлімдеді Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, олар анестезиология, жансақтау және интенсивті терапия бөліміне жатқызылған. Сондай-ақ науқастарға шокқа қарсы терапия және толық клиникалық-диагностикалық аспаптық зерттеу жүргізіліп жатыр.
«Талдықорғаннан ауруханаға екі маман – нейрохирург пен травматолог жіберілді. Ауруханада науқастарды емдеуге қажет барлық дәрі-дәрмек бар. Жағдай бақылауда», – деп мәлімдеді ведомство.
Айта кетейік, 25 шілдеде сағат 17:15 кезінде Жетісу облысы Алакөл ауданы Ақши ауылында дельтаплан көлге құлап, екі адам зардап шеккен.