Қызылорда облысында ер адам әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталды. 20 жастағы әйелдің өлімі туралы ақпарат Telegram-дағы Egov.press арнасында жарияланды.
«Шұғыл жаңалық. Кейбір дереккөздер Қызылорда облысының тұрғыны әйелін қатыгездікпен өлтіріп, қашып жүргенін хабарлап жатыр. Осы адамды көрген-білгендер болса, полицияға хабарлаңыздар. Қылмыс Шиелі ауданы Майлытоғай ауылында болған», – делінген жазбада.
Қазір іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру жүргізілуде. 21 шілде күні таңғы сағат 6.00-де Қызылорда облысы Шиелі ауданы Майлытоғай ауылына қарасты қойшы ауылда 20 жастағы әйелдің мәйіті табылған. Марқұмның денесінде жарақаттар болған. Жергілікті полиция күдіктіге алдымен іздеу жариялап, кейін оны қолға түсіргенін хабарлады.
«Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру жүріп жатыр. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге мәліметтер тергеу құпиясын сақтау мақсатында жарияланбайды», – деді облыстық полициядан.