Түркияның Измир провинциясының Торбалы ауданындағы ресторанда жарылыс болды. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 57 адам жарақаттанған.
Азертадж агенттігінің мәліметінше, өрт сөндірушілер Айранджилар орамында орналасқан мейрамханадағы өртті ауыздықтады.
Түркия Әділет министрлігінің басшысы Йылмаз Тунч әлеуметтік желіде хабарлағанындай, жергілікті уақыт бойынша сағат 14:43-те болған қайғылы оқиғаның себептері анықталып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр. Измир губернаторы Сүлейман Эльбан журналистерге жарылыстан айналадағы 11 ғимараттың зақымдалғанын айтты. Ал жергілікті билік өкілдері оқиғаға газдың жарылуы себеп болғанын айтып отыр.