Алматылық жануарлар құқығын қорғаушы Айгүл Хакимова әлеуметтік желіде ер адамның суретін жариялап, итпен жыныстық қатынасқа түсті деп жала жапқаны үшін сотталды. Алайда Хакимова сот үкімімен келіспейді. Әйел TikTok желісінде судьяны әділетсіз шешім шығарды деп айыптап, өзіне үлкен айыппұл салынғанын айтып видео жариялаған.
«Мені ешқандай себепсіз соттады… Инстаграмда зоофил туралы жазба жариялағаным үшін 465 мың теңге айыппұл салды. Ешкімге жала жапқан жоқпын. Судья мені заңсыз соттады… Үлкен айыппұл салды. Ол менің кінәмді қалай дәлелдеді? Жоғарғы Сотқа екі рет хат жаздым, екі рет те арызым қайтарылды», – дейді Хакимова.
«Өткен жылдың қараша айында Алматы қаласының тұрғыны азамат К., баласына сыйлық ретінде белгілі сайттан мысық сату туралы хабарландыру іздеген. Хабарландыруды жариялаған Хакимовамен сөйлескеннен кейін К. баласына мысық сатып алуға ниетті екенін айтқан. Біраз уақыттан кейін ер адамның телефонына бейтаныс әйел қоңырау шалып, әлеуметтік желіде ол туралы ақпарат жарияланғанын айтқан. 2023 жылдың 11 қарашасында күндіз Хакимова әлеуметтік желіде азамат К-ның суреті бар жазба жариялады», – делінген сот хабарламасында.