Олимпиада алауына Жапонияның 53 жастағы тұрғыны су тапаншасынан су атты. Шабуыл сәті видеоға түсіп қалған.
Жарияланған кадрларда қолында су тапаншасы бар қара маска киген әйел адам алау ұстаған жүгірушінің қасына жақындауын күтіп тұрғаны байқалады. Спортшы жақындағанда, ол олимпиадалық алауды көздеп, су ата бастаған. Жүгірушілерді ертіп жүрген стюардтар әйелді тоқтатты.
“Адамдарға ешқандай себепсіз су атуға болмайды. Оның ойнап атпағаны анық — бұл баланың ойыны емес”, — деді қалалық полиция бөлімінің бастығы Нориаки Нагацука.
Оның айтуынша, әйел адам пандемия кезінде Жапонияда Олимпиада ойындарын өткізуге наразылық білдірген.
Жапонияның көптеген тұрғындары Токиода халықаралық жарыстар өткізу вакцина алудың төмен деңгейі мен көптеген шетелдік спортшылардың келуін ескерсек, елде коронавирустың жаңа толқынының өршуіне әкеледі деп мәлімдеуде.
Самоа жақында өзінің екі ауыр атлетін жарысқа қатыстырмайтынын мәлімдеді. Токиоға Угандадан келген екі спортшы және Сербиядан келген бір олимпиадашы карантинге жіберілді. Олардың барлығында коронавирусқа тест оң нәтиже көрсеткен.
Жарысты ұйымдастырушылар спортшылардың денсаулығын сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынына уәде берді. Атап айтқанда, делегация мүшелері арасында қарым-қатынасқа тыйым салынған. Сонымен қатар, олимпиадалық ауылда қатаң маска режимі және әлеуметтік қашықтықты сақтау сақталады.
Токиода Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.