Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-11
USD
499
+3.47
EUR
520
-0.93
RUB
4.85
-0.06

Тінтулер, тұтқындаулар мен наразылықтар — биыл Белорусте өтетін президент сайлауы несімен есте қалады?

169
Сурет: «Голос Америки»

19 маусым күні болған кездесуде Александр Лукашенко күтпеген мәлімдеме жасады. Белорусь президентінің айтуынша, билік революция жасауға тырысқандарға кедергі бола білді.

«Соңғы тәулік ішінде болған жағдайды бақылай отырып, елдегі жағдайды өз мүдесіне пайдаланғысы келетін белгілі бір күштердің жанданғанын көріп отырмын. Біз оны бұрын да байқағанбыз. Бірақ біз Беларусьтің тұрақтылығын бұзу және елді белгілі бір майдан алаңына айналдыру үшін құрылған ауқымды жоспардың (бұл әзіл-қалжың емес, қорқыту емес) алдын алуға кейбір қадамдар жасадық.

Біздің елде болған кейбір қуыршақтардың ғана емес, Белорустен тыс жердегі сол қуыршақтарды басқарып отырған адамдардың шынайы бейнесі көрінді»,

— деді Александр Лукашенко.

Ол «ешкімге елдің тыныштығын бұзуға жол бермеймін» деп атап өтті.

— Өзінің бар өмірін осы тәуелсіз егемен мемлекетті құруға арнаған адам ретінде ешкімге елдің тыныштығын бұзуға жол бермеймін. Мені сіздердің және басқалардың түсінгенін қалаймын. Мен үшін егеменді және тәуелсіз Беларустен қымбат ешнәрсе жоқ. Мен қалай болса да осы елдің тыныштығын, бірлігін сақтауға тырысамын, — деп түйіндеді Лукашенко.

Сонымен қатар ол билікке келгенге дейінгі елдің жағдайын еске түсіріп, саяси ойындарға араласқан жасөспірімдердің ата-аналарына үндеу жасады.

«Олардың жартысы сайлауға қатысы жоқ, 15-16-17 жасар балалар. Олар 90-шы жылдардың ортасында сіз бен біз көрген Беларусті білмейді. Сонымен қатар, талондар туралы және бір бөтелке сүт сатып ала алмағанымыз да олардың есіне кіріп шықпайды.

Олар Минскіде нан пісіру үшін үш күн бойы ұн жоқ болғанынан да хабардар. Қазіргідей Беларусте өмір сүріп, бәрі аспаннан құлайды деп ойлайды. Әрине, бұл біздің кемшілігіміз, біз оларға осының бәрін түсіндірмедік. Бірақ ата-аналар мұны біледі емес пе», — деді Лукашенко.

Ал жағдайды бақылап отырған адамдарда мынадай сұрақ туындады: Лукашенко не туралы  айтып отыр және неге ауыспайтын және баламасыз Президент кенеттен өзіне қарсы саяси күштер туралы сөз сөйледі?

Бәсекелес емес, фаборит

Беларусь Президенті елде Белгазпромбанктің бұрынғы басшысы Виктор Бабарикоға қатысты қылмыстық іс қозғалған күні мәлімдеме жасады.

Ол қылмыстық ұйым құрғаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Беларусь мемлекеттік бақылау комитеті Бабариконың артында «қуыршақтарды басқарушылар» — «Газпромдағы» үлкен басшылар немесе одан да жоғарыдағылар  тұруы мүмкін»  деп мәлімдеді.

Мұнда 2 мәселеге назар аудару керек:

  • 11 маусым Белгазпромбанкте («Газпром» және «Газпромбанк» иелік етеді) тінту өтіп, 15 топ-менеджер тұтқындалды. Олар пайданы жымқырды деп айыпталды. Банк иелері биліктің әрекетін заңсыз деп атады
  • 2000 жылдан бастап банкті басқарған Виктор Бабарико өз қызметінен бір ай бұрын шығып, президенттікке сайлауына түсетінін мәлімдеді.

Бабариконың мүмкіндігі бар. Тәуелсіз зерттеулер мен онлайн-сауалнамалар мәліметтері бойынша, ол үшін халықтың 55%-ы дауыс беруге дайын, ал Лукашенкон қолдау деңгейі 3%-дан 24% – ға құбылып тұр.

Яғни, осы деректер бойынша қарасақ,

тұтқындалған банкир Лукашенконың бәсекелесі емес, сайлаудың айқын фавориті

Ал бұған қазіргі билік дайын емес — Минскіде билік трансфері мәселесі тіпті қарастырылмайды.

Саналы қадам ба әлде қуыршақтардың қозғалысы ма?

Виктор Бабарико республикадағы банк жүйесінде өз орны бар адам, бірақ соңғы уақытқа дейн саясатқа араласпаған. Ол қазіргі президентті сынға алып,  Беларусь «бүгінгі жағдайға жеткізді» деп айыптады.

Сонымен қатар, саясаткерлер ол «Газпромнан» ешқандай қолдау алып отырған жоқ және Кремлдің де агенті емес, Мәскеу Лукашенконы алып тастауға ұмтылатындай одан соншалықты көңілі қалған жоқ деп есептейді. Президенттік жарыстағы басқа бәсекелестер де осындай пікірді ұстанады.

Ол қуыршақ рөліне де жарамайды, оның саяси салмағы мен тәжірибесі мол. Сондай-ақ

саясаттанушылардың айтуынша банкирдің бағдарламасы өте ақылға қонымды, ал қарапайым бәсекелес-қуыршақтар абсурдтық-популистік ұрандар мен идеяларды пайдаланады

Бабариконың жарысқа кіруі – бұл саналы қадам және үміткер өзінің салмағын біледі. Сайлау қарсаңында тұтқындауға алынуынан, мәселенің мәнісін түсінуге болады.

Айта кету керек, бұл жолы Лукашенко бәсекелестерді белсенді түрде қолға алды. Елде танымал тағы бір кандидат Сергей Тихоновский тұтқындалды (кандидаттыққа қажетті қолдарды ол үшін әйелі жинады).

Бұрынғы Беларусь Сыртқы істер министрінің орынбасары, Жоғары технологиялар паркінің бұрынғы басшысы Валерий Цепкалоны (көп дауыс жинай алатын тағы бір адам) Лукашенко жеке сынға алды. Мемлекет басшысына оның сайлау алды компанияны қаржыландыру үшін үйін сатқаны ұнамады.

Атайдан басқа біреу болса болды

Жалпы, бұл жолы Лукашенконың 5 қарсыласы бар. Лукашенко, Бабарико, Тихановский және Цепкалодан басқа, Мемлекет басшысы лауазымына парламенттің бұрынғы депутаты Анна Канопацкая және «Шындықты айт» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Андрей Дмитриев те үміткер.

Саясаттанушылардың пікірінше, соңғы екі адам президенттік сайлауға шындап үміткер бола алмайды, бірақ Лукашенконың дауысын бәр бөлігін ала алады.

Лукашенконың өзі сайлауды қызықсыз техникалық оқиға, жай ғана алтыншы мерзімге қайта сайлау ретінде көрсетуге тырысады. Бірақ сарапшылар бұл сайлаудың елеусіз өтпейтініне сенімді.

Белорустің қазіргі президенті тамызда жеңіске жетсе де, бұл соңғы рет болуы мүмкін

Мұндай бағалаудың бірнеше себебі бар: белорустар биліктің ауыспайтындығынан шаршап, ел экономикасындағы ағымдық проблемалар, коронавирустың таралуы, сондай-ақ әрдайым өзекті болып қалатын мәселелер көңіл-күйді нашарлатады. Мысалы, жалақының төмен деңгейі. Осындай жағдайда сайлаушылар кез келген адамға дауыс бере алады, тек Лукашенко болмаса болды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің сайлануы секілді жағдай қайталануы мүмкін.

Қоғамның көңіл-күйі наразылық акцияларына да ұласты. Президенттікке үміткерлердің бірін қамауға алуға қарсылық білдіріп, түрлі қалаларда адамдар «ынтымақтастық тізбегін» құрды. Олар ұзындығы бірнеше жүз метрден бір жарым километрге дейін жетеді. Жалпы алғанда, бейбіт акциялар болғанымен, қамауға алынғандар болды, полиция бірнеше ондаған белсендіні тұтқындады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз