ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы кеңесте оқулық сапасы сараптаудың әлсіздігінен зардап шегетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқулық сапасын сараптауға қатысты сын көп. Иә, оған үздік мұғалімдерді тартамыз. Бірақ жақсы мұғалімнің бәрі мықты сарапшы емес. Кез келген мұғалім оқулыққа сараптама жасай алмайды. Ал біз бұрын сараптама жасап көрмеген ұстаздарды жинап аламыз да, қолдарына оқулық ұстатамыз. Жүйенің өзі дұрыс болмаған соң, нәтижесі де белгілі. Оқулық сапасын нағыз мамандар сараптауы тиіс», – деді министр.
Келешекте оқулыққа сараптама жасайтын мұғалімдер сертификаттаудан өтіп, сарапшылар пулына топтасатын болады
Асхат Аймағамбетов осылай ғана оқулық сапасын арттыруға болады деген пікірде.
«Саладағы жағдайға көңіл толмайды. Оқулық дайындау, оның сапасын сараптау, іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізетін боламыз. Сондықтан, ендігі оқулық басу кезеңінде мен барлық баспаларға осы айтылған мәселелерді ескеруді тапсырамын. Мұндай бассыздықтарға жол беріп қоя алмаймыз. Нақты шешімдер қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізетін кез жетті», – деді министр.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі оқулықтардағы қателерді талдап берген болатын.
«Орыс әдебиеті» оқулығын парақтап көрейік. Қарапайым қателер. Физикадан да солай.
Есептің көрсетілген жауабы теріс.
Мысалы, мұнда 0,24 деп көрсетілген. Ал есепті дұрыс шешсеңіз 0,27 деген сан шығуы керек. География оқулығы да сондай. Карталар бойынша қателіктер бар. Ағылшын тілі оқулығында аударма мағынасы өзгеріп кеткен. Мәтінді мағынасына қарамай сөзбе-сөз аудару көп кездеседі. Балалар сол қателік бойынша қатеге үйреніп жатыр деген сөз», – деді ведомство басшысы.
Министр орыс тілінен қазақшаға аударылған оқулықтардың сапасын да сынға алды.
«Мұндайға жол берілмеуі керек. Балаларымыз осындай аудармалармен оқуға мәжбүр. Жыл сайын бір қателік қайталанып келеді. Бір басқан шоқты қайта айналып басамыз. Қашан бітеді бұл? Оқулықты асығыс дайындау деген жүйелі проблемаға айналды», – деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқулық бағасының қымбат екенін мойындады.
«Мен оқулық бағасына арнайы талдау жүргіздім. Бізде бастауыш сыныптар базалық оқулық пайдаланады. Негізгі және жоғары сыныптарға арналған балама оқулықтар бар. Екеуінің бағасын салыстырдым. Базалық оқулықтарды басуға белгілі бір баспалар мүмкіндік алып отырған. Сәйкесінше, бағасы жоғары болған. Ал баламасы бар оқулықтарды 4-5 баспа шығарған. Бұл жерде мектептер өзіне тиімдісін таңдай алады. Осы бәсеке оқулық бағасына да әсер еткен. Яғни, базалық оқулықтар баламасы бар оқулықтарға қарағанда қымбат екенін көреміз», – деген министр қазіргі бағаға көңілі толмайтынын жеткізді.
«Оқулық бағасы бойынша министрліктің ұстанымы айқын. Оны есептеп шықтық. Қаламақы төлеу керектігін, бұл бизнес екенін түсінеміз. Сонда да, оқулық бағасы қазіргідей қымбат болмауы керек. Біз пікір алмасулар арқылы осыған көздерін жеткізуіміз керек. Яғни, баға саясатында министрлік сырт қалмауы керек. Бізде бұған дейін А4 қалыпты және одан да көлемді оқулықтар болды. Енді елестетіп көріңіздер, бірінші сынып оқушысы отыр дейік. Олардың парталары шағын болады. Қасында парталасы отыр. Жаңағы көлемді оқулықтар партаға сыймай, баланы әуреге түсіреді. Бір қарағанда бұл ұсақ-түйек мәселе сияқты. Бірақ баланың білім алуында рөлі орасан. Мұның бәрінің артында білім беру сапасы мен тиімділігі тұр. Жалпы бүгінгі оқулықтардың жағдайына көңілі толмайды», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов оқулық шығару жүйесіне өзгеріс енгізілетінін атады.
«Салада жүйелі мәселелер бар. Оқулық дайындау, оның сапасын сараптау, іріктеу жүйесіне өзгеріс енгізетін боламыз. Сондықтан, ендігі оқулық басу кезеңінде мен барлық баспаларға осы айтылған мәселелерді ескеруді тапсырамын. Мұндай бассыздықтарға жол беріп қоя алмаймыз. Нақты шешімдер қабылдап, жүйелі жұмыс жүргізетін кез жетті», – деп түйіндеді министр.