Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Бурабайға демалуға келушілердің саны жылдағыдан бірнеше есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті. Өкінішке қарай, туристердің нақты санын 1-1,5 жылдан соң ғана біле аламыз. Дегенмен, қонақ үйлер мен демалыс орындарында жаз бойы орын жоқ деп айтуға болады. Алдын ала болжам бойынша демалыс маусымы басталғалы Бурабайға 1 млн 200 мың турист келген. Маусым біткенше бұл көрсеткіш 1,5 млн-ға барады деп отырмыз. Мұнда отандастарымыздан бөлек, көрші ресейліктер көптеп келеді. Оның бірден бір себебі, негізінен ресейліктердің демалуға ең жиі баратын ел ол Грузия, биыл бұл мемлекет бағаны айтарлықтай көтерді, сондықтан да көрші елдің туристері бізге келуде», – дейді М.Иғали.
«Ресейлік туристік сайт ТМД елдері бойынша туристер жиі баратын орындардың тізімін жасақтады. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Бурабай ең үздік деп танылды. Әрине, бұндай көрсеткіштен кейін, Бурабайдың инфрақұрылымын одан әрі жақсартуымыз керек. Мысалы, биыл бұл өңірге толықтай кәріз құбыры тартылды. Сол сияқты жуырда туристерге арналған ұзындығы 30 шақырым болатын велосипед жолы пайдалануға беріледі», – деді ол.
Бұған дейін М. Иғали Щучинскіде жоғарыға экстремалды жүгіруден әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқандығы туралы айтып берген болатын.