Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-5
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Димаш мемлекеттік наградаға қашан ұсынылады?

310

Қазақстанды әлемге танытып жүрген жас әнші Димаш Құдайбергенді мемлекеттік наградаға ұсыну мәселесіне қатысты Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова пікір білдірді. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлайды.

Оның айтуынша, министрлік Димаш Құдайбергенге әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеді.

“Ол Қытайға барғанда, байқау кезінде Димашты Мәдениет және спорт министрлігі қолдады. “Славян базары”, басқа фестиваль, байқауларға барғанда әрқашан қолдаймыз”, – деді вице-министр.

Ақтоты Райымқұлова Димаштың халықаралық деңгейде керемет өнер көрсетіп жатқанын атап өтті. Сондықтан әртісті мемлекеттік наградаға ұсыну мәселесі министрліктің күн тәртібінде бар.

“Бізде заң бойынша мемлекеттік наградалар жылына бір рет Тәуелсіздік күніне орай беріледі. Жоспарымыз бар. Димашқа Қытайға дейін (I am а singer байқауына дейін) Тұңғыш президент-Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы берілді. Ол – “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығы мен “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері. Бұл мемлекеттік тұрғыда өте жақсы қолдау. Тәуелсіздікке орай жоспарлап отырмыз. Бірақ нақты айта алмаймын “, – деді Райымқұлова.

Ол министрліктің Димашты мемлекеттік наградаға ұсынатынын айтты. Алайда награданы беру туралы шешімді ведомство қабылдамайды.

“Бұл ұсыныс президент әкімшілігі, басқа да бөлімдерден қолдау табады деп ойлаймын. Димаш сияқты шығып жатқан балалар аз ғой. Осыдан екі жыл бұрын Мәдениет саласының үздігі төсбелгісін бердік. Әрбір атақтың ротациясы болады. Мысалы, үлкен атақты өзінің уақытымен беру керек. Бірақ соның өзінде де, Димаш сияқты таланттарымызға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз”, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, кейбір адамдар Димашты мемлекеттік наградаға ұсынуға әлі тым ерте деген пікірде.

“Кейбір адамдар тым жас деп айтады. Ертерек беріп қоймаңдар дейді. Бірақ өзінің елдегі, әлемдегі деңгейіне, елімізді көрсететіндей имидждік жағынан болсын, өзінің кәсіби жағынан болсын сіңіріп жатқан еңбегі зор. Әрине, Димаш мұндай наградаларға сай”, – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Ақтоты Райымқұлова министрлік тарапынан дарынды әншіге кез келген байқау мен фестивальге қатысуына қолдау көрсетілетінін атап өтті. Ол Димаштың әншілік өнерінен бөлек, жеке қасиеттеріне де тоқталды.

“Ол бала – интеллигент, өте жақсы тәрбие көрген, өте еңбекқор бала. Музыканы жас кезінен оқыған, таза, ақ ниетті бала. Сондықтан да өзінің ниеті болар, жұлдызы жанып келеді. Сәттілік тілеймін”, – деді Мәдениет министрінің орынбасары.

Айта кетсек, Димаштың жанкүйерлері әлеуметтік желіде туған күніне орай әртісті мемлекеттік наградаға ұсыну мәселесін көтерген болатын. Жас әнші 24 мамыр күні 25 жасқа толады.

Мемлекеттік марапат және ол кімге беріледі?

Қазақстанда марапаттың 20 түрі бар, ол әр түрлі орден, медаль және құрметті атақтарды қамтиды.

Қазақстанға еңбегі сіңген азаматтар мемлекеттік, қоғамдық, шығармашылық қызмет, еңбек және жауынгерлік ерлігі үшін мемлекеттік марапаттарға ие болады.

“Алтын Қыран” жоғары дәрежелі орденімен кім марапатталатынын президент анықтайды. Өзге мемлекеттік наградаларға азаматтарды парламент, үкімет, министрліктер, агенттіктер, әкімдіктер, шығармашылық одақтар және басқа ұйымдар ұсынады.

Мәдениет және өнер саласының өкілдеріне “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағы, “Парасат”, “Құрмет” ордендері беріледі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз