Нұр-Сұлтан
Қазір
-6
Ертең
-6
USD
524
+0.41
EUR
550
-0.35
RUB
5.01
+0.08

Моңғолдар Қазақстанға көшіп келуді армандайды

690
fototelegraf.ru

Гэрэл Базаррагчаақызы, 54 жаста, Улан-Батор, банкир

— Мен Улан-Баторда туып өстім. 1986 жылы Моңғол ұлттық университетін бітіріп, экономист және қаржыгер дипломын алдым.

Қазақстанға отбасымызбен 1999 жылы көшіп келдік. Мұнда 1992 жылы көшіп кеткен күйеуімнің туыстары мен ата-аналары тұрды. Көшіп келгенде қиындықтар болды. Оның ішінде

ата-анам, туыстарыммен қоштасуға тура келді. Мен үшін бұл өте қиын болды

Алғаш келгенде жұмысқа орналасу қиындығына тап болдық. Моңғолияда күйеуіммен жақсы қызмет атқардық, Қазақстанда бізді ең қарапайым қызметтерге де алғысы келмеді. Бұл, әрине, көңілімізге батты.

Туған жерге деген сағынышым сарқылған емес. Моңғолияда мүмкіндігінше жиі болуға тырысамын.

Маған Қазақстан ұнайды

Қазақтар мен моңғолдардың мәдени салт-дәстүрлерінде өзгешеліктер көп.

Айқын айырмашылықтардан — тіл, мәдениет және ұлттық әдебиетті айтуға болады

Моңғолдар да көшпенділердің ұрпағы, қымыз сияқты ортақ ұлттық сусынымыз бар, біз де ет көп жейміз.

Біз Қазақстанның ірі индустриалды қалаларының бірі — Павлодарда тұрамыз. Экологиясы нашарлау болғанымен таза қала, көшелер кең. Қалада Ертіс өзенінің жағалауында қыдырған ұнайды. Қазақстанға көшер алдында мен Улгей қаласында тұрдым. Ол Ертіс өзені бастауын алатын таудың етегінде орналасқан.

Маған Қазақстан ұнайды. Бұл жерде дүниеге келіп, қоғамның толыққанды мүшесі болған, елдің дамуына үлес қосып жүрген менің төрт балам дүниеге келді. Жастардың дамуына және оны қолдауға бағытталған бағдарламаларды бағалаймын. Бұл маған балалардың болашағы үшін алаңдамауыма мүмкіндік береді.

Көшіп келуіме қазақ әдебиеті ықпал етті

Норовын Батхуяг, 32 жаста, Сухэ-Батор, мұғалім

— Мен Сухэ-Баторда туып өстім. Бала кезімнен білімге құштар болдым. Отбасымызда үш баламыз, мен ең үлкені, сондықтан іні-қарындастарымның үй тапсырмасына жиі көмектесуге тура келді. Бұл менің мұғалім болуға ынтамды оятқан сияқты.

Маған балалармен білім алмасу, олардың бірдеңе білуге құштар жанарларын көру ұнайды. Мен моңғол әдебиетінің мұғалімімін, бірақ маған Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов сияқты қазақ жазушыларының шығармалары әрдайым ұнады. Бұл мені Қазақстанға уақытша қоныс аударуыма итермеледі деп ойлаймын.

Мен Қазақстанға 2015 жылы көшіп келдім. Өскеменге жақын ауылда тұратын ағам қонаққа шақырып, сол себеп болды. Мен оған жазда келіп, бір ай қонақ болдым. Ол мені достарымен таныстырды — олардың бірі жергілікті мектеп директоры болды. Қазақ әдебиеті жайлы танымымды біліп, ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жұмыс жасауды ұсынды.

Сонымен қатар, менің 2013 жылы алған қазақ тілі пәнінің мұғалімі дипломым болды. Маған қазақ тілі ұнайды, сондықтан мұғалім дипломын алуды шештім. Мен өз қаламда репетиторлықпен айналысамын және моңғолиялық қазақтарды оқытамын деген ойым болды. Бірақ тағдыр басқаша өрбіді — мен ауылда мұғалім болып қызмет атқардым.

Ұқсастықтар мен айырмашылықтар

Қазақтар мен моңғолдардың ортақ көшпелі өмір салты тарихы бар. Алайда, Қазақстанда бұл тарих болып қалды, ал Моңғолияда киіз үйде тұратын және мал шаруашылығымен айналысатын көшпенділер көп. Бұл қазіргі әлемде теңдесі жоқ бірегей құбылыс.

Дәстүр мен әдет-ғұрыптардағы айырмашылықтар өте көп, солардың ішінен бір моңғол дәстүрінің үлгісін келтіргім келеді. Моңғолдарда жерді қазуға болмайды, себебі бұл бақытсыздыққа әкелуі мүмкін. Жерді пышақпен, қырғышпен, күрекпен немесе соқамен бір уыстан артық қазуға қатаң тыйым салынады.

Сондай-ақ, жердің бетін сызуға, өткір заттармен қопаруға болмайды. Іргетас орнату немесе құдық қазу қажет болса адамдар осы іс-әрекеттерге рұқсат алу рәсімін, яғни “сэржэм” — сый тарту рәсімін өткізеді.

Міндетті түрде ораламын!

Қазақстан — өсіп-өнуге мүмкіндік беретін үлкен әрі бай мемлекет.

Мұнда дамуға ұмтылыс пен Батыс мәдениетінің ықпалы сезіледі

Моңғолия болса кең байтақ даласымен ерекше. Алайда, сізде индустриалды дамудың үлгісі болып табылатын және Кеңес Одағы кезіндегі архитектуралық-тарихи ескерткіштерді сақтап қалған көптеген қала бар.

Маған тек Өскеменде болдым. Алматының әйгілі таулары мен Астананың ерекше ғимараттарын көргім келеді. Қазір Моңғолияға оралдым, бірақ болашақта Қазақстанға қайтып баруға үміттенемін.

Көпмәдениеттілік таңғалдырды

Жаргалцэцэг Энэбиш, 25 жаста, Улан-Батор, студент

— Мен “Бейнелеу өнері” мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Болашақта университетте көркем сурет пәнінің оқытушысы атанып, студенттермен сезім, экспрессия және ойлар әлемімен бөліскім келеді.

Мен Қазақстанда бірнеше рет болдым. Алғаш рет анаммен Павлодар қаласының маңындағы ауылда тұратын әжеме бардық. Көп туысым сонда тұрады. Олар мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысады. Сапар кезінде қиындықтар туындамады, бізді әрдайым кеденде жылы қарсы алады.

Қазақстанда адамдар әрдайым қозғалыста.

Қазақстандықтар әрдайым бірдеңемен айналысып жүреді және кейде айналасына назар аудармайды

Мен ауылға әжеме барғанда, Ертіс өзеніне ашылатын таңғажайып көріністі, табиғаттың сұлулығын бағалайтын адамдарды байқамадым. Адамдар үшін мұның бәрі екінші планда, бастысы сиырларды тамақтандыру, қойларға су беру, пеш жағу.

Ата-анам мен достарым қоршаған ортадағы сұлулықты байқауға бейімделген. Моңғолияда өмір жайбарақат, жасампаздыққа толы — бұл ұсақ-түйектен бақыт табуға көмектеседі.

Біздің ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз ұқсас. Біз де қымыз ішеміз және ет көп жейміз. Алайда, мәдениетіміздің ұштаспайтын тұстары да баршылық.

Мен тек ауылда, әжемнің жанында болдым және жол-жөнекей Павлодарды көрдім. Маған қала ұнады, онда жайлылық пен жылулық сезіледі, бірақ зауыт құбырларынан шығатын қара түтін үрей туғызады.

Қазақ ауылдары көпмәдениетті. Сол жерде алғаш рет орыс, украин және немістерді көрдім

Олардың барлығы қазақ тілін білетіндігі мені таңғалдырды, себебі мен орыс тілін мүлдем білмейтінмін. Қазақстанда экономикалық дамуға ұмтылыс сезіледі. Қаржылық және шығармашылық жетістікке жетуге көптеген мүмкіндік бар. Бәлкім сондықтан болар, моңғолдардың көбі Қазақстанға қоныс аударғысы келеді, мен оларды жақсы түсінемін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз