Алматыда үш баласы бар 33 жастағы Сайрангүл есімді әйел ауыр соққыдан ес жимастан көз жұмды.
“Қызымды күйеуі ұрған. Көзіндегі, желкесіндегі, құлақ шекесіндегі жарақат әлі кетпеген.
Егер асылса арқан жіп тамақ арқылы иекке тірелуші еді. Ал қылқындырған орын тамақтың тұсында емес, өндіршектің тұсында тұр.
Бұған дейін де ұрыс-керіс шығыпты. Жанжалдың шығуына күйеу баланың үнемі басқа қыздармен жүруі себеп болған. Сол күні де ішімдік ішкен”, – деді марқұмның әкесі Назарбек Сәбенұлы.
Ал Ерғали Қалиұлы болса болған жайтқа өкінетінін, алайда әйеліне қол көтермегенін алға тартты.
“Ұрыс болған, сол күні сыра ішкем. Оқиғаға өкінем, бірақ ұрғам жоқ. Мені кінәлі десе жазаны көтеруге дайынмын”, – дейді.
Айтуынша, әйелі “Шаңырақ” ықшамауданында жалдап тұратын пәтердің есігіне асылып қалыпты. Бірақ Сайрангүлдің үстіндегі жарақаттарды түсіндіріп бере алмады.
Ал марқұм әйелдің туыстары жәбірленуші келіншек жарақат алған оқиғадан бері бір ай өтсе де, сақшылардың көңіл аудармағанына наразы.
Айта кетерлігі, Сайрангүл Лайсқызы 10 желтоқсан күні таңғы сағат төртте қайтыс болған. Полиция оқиғаның анық-қанығын зерттеу үстінде.