Отандық ғарыш саласының дамуын сөз еткенде әріптестік, ынтымақтастық мәселесін шетке ысыруға болмайды.
Бұл туралы бұдан бұрын француздық «Airbus Defence and Space» («Airbus D&S») компаниясының басшылығымен жүздескен еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов айтқан болатын.
Ведомство басшысының атап өткеніндей, отандық ғарыш саласын сөз еткенде – ғарыш құрылғыларын құрастыру және сынау кешенін жетілдіру, бұған қоса Жерді қашықтықтан зондтау және де ең бастысы ғарыш жүйелерін коммерцияландыру мәселелері аса өзекті.
Еліміз алдағы уақытта шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, ғарыштық жобалар әзірлеп сыртқы нарыққа шықпақ.
Мұның алғышарттары да жасалып жатыр.
Атап айтар болсақ, қазақстандық ғылыми институттар бүгінгі таңда жерде отырып ғарыштық технологияны емін-еркін пайдалануға мүмкіндік беретін ғарыштық байланыс, жерсеріктік навигациялық-бақылау сияқты көптеген заманауи құрылғылар әзірлеу үстінде екег.
Біздің бұл сөзіміз негізсіз емес.
Редакция сауалына жауап берген ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Марат Нұрғожиннің айтуынша, келер жылы ғарыш саласын бүге-шүгесіне дейін білетін қазақстандық ғалымдар салмағы 6 тоннадан асып жығылатын ғарыш аппаратының құрастыру-сынау кешенінің құрылысын толық аяқтамақ.
Нұрғожиннің бұлай деуі де бекер емес.
Былтырғы жылы еліміз арнайы конструкторлық-технологиялық бюроны іске қосқан болатын.
Алайда бюроның жұмысын игеру үшін мұндағы түрлі технологиялардың тілін табу қажет-ақ.
Осы мақсатта еліміздің ғарыш саласына бейімделген 150-ден астам инженері Батыстың және Ресейдің алдыңғы қатарлы зауыттарында тәжірибеден өткен-тұғын.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлағанындай қазіргі таңда олардың барлығы елге оралып, отандық ғарыш саласын дамыту мақсатында жұмыс істеуде.
«Осы орайда айта кетейін, бүгінгі таңда біз өзіміздің ғылыми-технологиялық мақсаттағы үшінші ғарыштық жүйемізді құрдық. Бұл тарапта нақты жоба-жоспар жасалды. Егерде барлығы да жоспарлы түрде жүзеге асар болса, алдағы уақытта АҚШ-та Калифорнияда Falcon 9 ғарыш тасымалдығышымен 2 жерсерігін ұшырамыз деп жоспарлап отырмыз. Осының негізінде қазақстандық инженерлер мен конструкторлардың барлық әзірлемесін ғарышта тәжірибеден өткізетін боламыз. Былайша айтқанда, олар біріншіден, ұшу тәжірибесін алады, ал екіншіден коммерциализациялауға және меншікті жерсерікті осы жерде құруға мүмкіндік береді. Бұл бірінші кезекте қолданыстағы аппараттың орнын басатын байланыс жерсерігі болады», – деді өз сөзінде Марат Нұрғожин.
Отандық ғарыш саласының дамуы қыруар қаржының үнемделуіне септігін тигізіп отыр.
Бүгінгі таңда қазақстандық «KazSat» ғарыштық жүйесі екі жер серігімен қоса табысты жұмыс жасап тұрғаны белгілі Осынау жүйе Қазақстанның аумағын тұтастай спутниктік байланыс және теле-радио хабар таратумен қамтамасыз етіп, бұдан бөлек мемлекеттік органдар әрі ұлттық компаниялар сұраныстары бойынша қажетті деректер беріп, алыс аудан-ауылдардың ұялы байланыс қызметін пайдалануына жол ашты.
Қазіргі күні «KazSat-3» қызметінің игілігін «Отау ТВ» жүйесіне қосылған 1 миллион пайдаланушысы көруде.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлағанындай былтырғы жылы «KazSat» байланыс жүйесі ел қазынасына 5 млрд теңгеге жуық табыс түсіріп, басқа елдердің спутниктерін пайдалануды азайтудың негізінде 12 млрд теңгені үнемдеп қалыпты.
Мұны айтасыз, қашықтықтан зондтау жүйесі қолданысқа берілгеннен бері үш жылдың ішінде 560 млн шаршы шақырым таспаға түсіріліп, бақандай 30 млрд теңге үнемделіпті. Тұтастай алғанда, тек былтырғы жылдың өзінде ғарыштағы түсірілім және де байланыс қызметін өз қондырғыларымыздың есебінен пайдаланғанымыз үшін 24 млрд теңге үнемдеп қалыппыз.