Астанада жол апатынан мерт болған ақын Олжас Сүлейменовтің немересі – Ескендір Сүлейменовтің өліміне қатысты бүгінгі сот процесі аяқталды.
«Мен Ескендірдің досы әрі әріптесімін. Біз ұлттық компанияда бір жылдай бірге жұмыс істедік. Менің әйелім мен Ескендір Францияда бірге оқыған. Менің зайыбым оны өзінің бауыры деп есептейтін. Ол біздің отбасы үшін өте жақын адам еді.
Бір-бірімізді бұрын сырттай білгенімізбен, кейін Алматыда таныстық. Ескендір сенімді дос әрі әріптес еді. Қиын сәттерде сенуге болатын нағыз азамат болатын.
Жақындары мен туыстарының қуанышына шын жүрегімен қуана білетін. Ол шынайы адам еді. Көкжиегі кең болатын. Өнерді жақсы түйсінді, поэзияны сүйді. Өлең жазып жүрді. Итальян және ағылшын тілін жетік білді», – дейді Ескендірдің досы.
Оның айтуынша, Ескендірдің әрбір жағдайға қатысты өзіндік пікірі болатын.
«Ол өте ашық адам еді. Сүйіктісін, туыстарын, достарын жақсы көрді. Біз үнемі бірге түстенетінбіз. Сондай түскі астардың бірінде үйлену туралы ұсынысты қалай жасауға болатыны жөнінде ақылдасқанымыз бар. Оның әріптесі ретінде айтарым – ол біздің компанияның жауапты департаменттерінің бірінде еңбек етті.
Жауапкершілігі мол маман, салмақты сарапшы болды. Ұжым оны байсалды әрі жауапты маман ретінде біледі. Онымен кез келген уақытта ақылдасып, маңызды сұрақтардың жауабын табуға болатын еді. Ескендірдің дипломатиялық қасиетін білген басшылық оны іскерлік келіссөздерге жұмылдырып та жүрді. Қысқасы, оны ұжымда бәрі бағалайтын, жақсы көретін», – деді Қуаныш Тұратаев.
Досының айтуынша, Ескендір шетелден оқып келгеннен кейін өз Отанының дамуына үлес қосуды мақсат тұтқан. Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болған еді.
Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды. Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.
Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті Ескендір Сүлейменовтің мотоциклы соғылған жүргізуші Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті бастығының қызы екенін растаған.
Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған еді.