«Нұр Отан» Алматы қалалық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров Мемлекет басшысының жаңа Жолдауы саясаттың әлеуметтік бағытқа бет бұрғанын көрсететіндігін айтты.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жолдауы қазіргі таңда жүргізіліп отырған саясаттың әлеуметтік салаға бағытталғандығының тағы бір дәлелі болса керек.
Мәселен, енді ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есе артады. Бұл жоба бір миллион үш жүз мыңнан астам қазақстандықты қамтиды. Ең алдымен, мұғалімдер, дәрігерлер, жалпы орта таптың жалақысы көтеріледі.
Меніңше, бұл экономикаға үлкен үлес қосып, мультипликативті нәтиже береді. Өйткені орта тап өкілдері қазақстандық тауарларды тұтынады. Ал қаржы мемлекет ішінде айналады», – дейді Канкуров.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Мемлекет басшысы күшейтуді талап ететін бірнеше саланы атап өтті.
«Мұғалімдерге айрықша көңіл бөлу маңызды. Өйткені олар біздің азаматтарды дайындайды. Тиісінше, алматылық мұғалімдер ұзақ күткен жеке мәртебе беру мәселесі шешілмек. Қазір халықтың Жолдауға қатысты сұрақтары толассыз келіп жатыр», – деп түсіндірді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ең төменгі жалақы деңгейін көтеруді тапсырды.