Белгілі журналист Қажымұқан Ғабдолланың мына жазбасы кейбір аға буын өкілдерінің ашу-ызасын тудырған болар. Сәбет үкіметінің жақсылықтарын жіпке тізе беретін аға буынның өкілдері көп арамызда. Олар сонда нені аңсайды, не көксейді? Аңсағаны Үкіметтің аялы алақаны, көксегені көйлегінің көктігі мен тамағының тоқтығы ма? Тәуелсіздік қайда қалады сонда? Ғабдолла соны айтқысы келіпті…
Осы дүниені жаза алмай, біраз толғанып жүрдім. Өзім айрықша сыйлап, ерекше құрмет тұтатын ағамның көңіліне қарадым. Ренжітіп алғым келмеді…
Бірақ, басқасын айтпағанда, қазақтың жетпіс пайызын қанды қасапқа салып, қырып-жойған «аты да, заты да мәңгі өшкір» – Совет өкіметін қорғау мен қолпаштауға мен ешқашан көне алмаймын!
Жақсы көретін бір жазушы ағам «Совет үкіметі қазаққа қасірет болмады» деп ат қойып, Совет өкіметін мақтап біраз шауыпты.
Менің бала кезімде үлкендер біреуді ұнатпай қалса, «Бас терісі келіспеген екен…» деп отырушы еді, ә дегеннен-ақ, маған бұл жазба «бас терісі келіспеген»-дей әсер етті.
Ағам әңгіме ағынын шайқай отырып, кенет:
«1973 жылы Алматыға келіп, Ғылым академиямызда докторлық диссертация қорғаған барнаулдық ақын Сергей Сергеевич Каташ «…байырғы қазақ қалыптарыңда қалған сендер өте бақыттысыңдар! Ленинге күн сайын алғыс айтсаңдар да көп емес» деп күйінді…» – деп, төбемізден қосқолдап қойып қалады?!.
Сонда қазақты табанына таптап, жерін тартып алып, елін жоспарлы ашаршылыққа ұшыратып, аяусыз қырып-жойған Ленинге біз «күн сайын алғыс айтуымыз…» керек пе?!
Сұмдық! Бұл сөзді ардақты ағамның айтқанына сене алмай, далмын…
Сосын: «…Егер 1917 жылы революция болмаса, қазақтар да патшалық Ресейдің «құшағында» кетіп, мөлшері 1920-25 жылдары жұтылып тынатын едік. Бұл – арғысы, ал – бергісі, қысқа қайырғанда, қазақ халқының перзенттеріне ескерткіштері қойылар ма еді?
Патшаға қарсы күрескен Исатай-Махамбет дәріптелер ме еді? Жыр алыбы Жамбыл «Дала Гомері» аталар ма еді? Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Күләш Байсейітова және басқа тұлғаларымыз алыс-жақын елдерге мәшһүр болар ма еді? Әміре Қашаубаев Парижде қазақ әндерін шырқар ма еді?
Кеңес өкіметін көзді жұмып, құлақты бітеп алып күстәналай бергенше, бір уақ осыны неге ойламаймыз?..
«Мен білем!» деген бұл ғадет – саяси Алаш қозғалысымызды ұйымдастырған, басқарып тұрған арыстарымызда да болыпты, олар әр пұшпақты илетіпті. Қазақ Өлкелік партия комитетін басқара алар «қазақ таба алмай», Кремльге «құда түсіп», Голощекинді келтіріп «жарылқаныпты» (сол жолмен Мирзоян, күні кеше Колбин де әкелінді)…».
Құдай сақтасын: біз байғұс «тәуелсіздік алдық» деп, бөркімізді аспанға атып, алаштың арманына жеткеніне желпініп жүре беріппіз.
Ал, кешегі кеңестің көжесін ішкен кейбір аға буынымыз әлі күнге дейін санасындағы «құлдық қанды» тазарта алмай, «қожайын» аңсап әлек екен.
Әрбір екінші қазаққа ажал тапқызған тажалды әлі де аңсап-сағынады екен… Орыс – қазаққа дос емес (ешқашан болмаған да, болашақта болмақ та емес. Қ.Ғ.), «жаны ашымастығы» былай тұрсын, барып тұрған бөтен пиғылды, жат ниетті ата дұшпан.
Сондағы сылтау-дәлелі: «…Білім беру мен медицина тегін болады. Бастауыш мектептен бастап, жоғары оқу орындарында білім беру тегін, тіпті студенттер жатақханасы да ақысыз… Диплом алған студенттер жер-жерден келіп жататын сұранысқа қарай мамандығы бойынша қызметке жолдамамен барып, онда да тегін жатақханада тұратын, көп кешікпей тегін пәтер алатын… Кеңес дәуірінде «пәтер сатып алу» деген сөз де болған емес. …ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, ғылым-білімді, мәдениетті, медицинаны Совет өкіметіндей қалпына келтіру қажет».
Ал керек болса! Орыс-озбыр һәм қанды коммунистке шаң жұқтырмауға тыраштанған ағама не десем екен?!
Дәп қазір орыстың басшысы Владимир ПУТИН:
«Ей қазақтар! Сендерге бәрін Совет кездегіндей тегін қыламын, маған қайта құл болыңдар!» десе,
«Ләппәй, тақсыр!» деп, аяғын сүйіп, табанын жалағалы тұрғандар, сорымызға қарай, арамызда әлі де қаптап жүргендей…
Мен айтар едім: Атасына миллион мәрте нәлет, ондай тегіннің!
Ата-бабамның қаны мен тері сіңіп, рухы мен сүйегі жатқан асыл топырағымның сүйемін де – әлемнің барлық тегініне айырбастамаймын!
Әй, сөйлейді-ау.