Белгілі журналист Тоқтар Жақаш өзінің Фейсбуктағы жазбасында елдегі бұқаралық ақпарат құралдарына бөлініп жатқан қаржының із-түссіз кетіп жатқаны жайында ащы шындықты жайып салыпты.
Артық болмас, таныса отырыңыздар. Ол былай дейді:
«Мемлекеттік саясатты насихаттау үшін жыл сайын қазынаның миллиардтары желге ұшады. Мәселен, соңғы 4 жылда осы мақсатқа жұмсалған қаржының көлемі 160 млрд теңгеден асты. Мұндай қаражат ешқандай конкурссыз, жыл сайын “тегіннен-тегін” беріліп отырады. Бұл ақшаға шамамен 70 мектеп немесе 100 балабақша салуға жетер еді. Есеп комитеті былтыр мемлекеттік телеарналар мен “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде аудиторлық тексеру жүргізді. Нәтижесінен шашыңыз тік тұрады. Есеп комитетіндегі аудитор Гүлмира Біржанованың айтуынша, жоғарыда аталған басылымдар ешқандай құжатсыз-ақ жыл сайын жүздеген миллион теңгені жаратып отырған. Мысалы, аталған басылымдар мен телеарналар заңды белден баса отырып, 145 млн теңгені жаратқан. 14,6 млрд теңгені тиімсіз пайдаланып, процедуралық заң бұзушылықпен 41 млрд теңгені жоқ еткен. Тексеру барысында сатылмаған газеттердің миллиондаған теңгесін “списать” ететіні, кейбір телеарналардың ат шаптырымдай студияларының істемей тұрғаны, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс алып, бірақ жұмыс істемей тұрған 124 сайт бар екені анықталған. Эськюр сайтының есептеуінше, мұншама қаржыға мүгедектерді әлеуметтік қолдауды 7 есе, жетімдерді жарылқауға 4,5 есе, ауылдарды таза ауызсумен қамтуға 100 пайыз жетеді екен!
Сонда, мемлекеттік басылымдар да қанаушы қандалаға айналғаны ма?
“Егеменді” ауызға алған соң, әрі қарай айтайық. Жылдық бюджеті туралы ақпарат таппадым. Соған қарағанда, “Егемен” алатын миллиондар мен миллиардтар да құпияланып кеткен бе деймін?! “Егеменді” осы уақытқа дейін “аға басылым” деп әспеттеп-ақ келдік. Бірақ еркеліктің де шегі бар. Бүгінде басшысы бар, қосшысы бар, қызметкерлерінің ұзын саны 170-тен асады екен! Бұл деген тұтас холдинг, ақпараттық армия емес пе?! Мұншама қызметкермен айналдырған бір газетті не себепті Халықтық басылымға айналдыра алмай отыр?
“Егеменде” ештеңе болған жоқ” дей алмаймыз. Шерхан Мұртазаның тұсында өлеусіреген басылым әбден бапталып, қиядан қанат қаққан қыранға да айналған. Ал қазір, дәл қазір “Егеменнің” аяғына кім тұсау салып отыр? Халықтың қамын ойламасаң – ойлама. Бюджет қызметкерлерінің жарытымсыз жалақысы мен әлеуметтік мәселесін көтермесең – көтерме. Бірақ, ағайындар-ау, жыл сайын “подписка” уақытында мұғалім, дәрігер секілді бюджеттік мекеме қызметкерлерінің қанын “разнарядка” арқылы теспей соруды доғарсаңдаршы!», деп жазыпты әлгі Тоқтар деген журналисіңіз.
Бұған біздің алып қосарымыз жоқ. Сіздің ше?
Ділдәбек Сұлтан