Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өткен тарихқа қалам тарту көбейді. Дұрыс шығар. Өйткені кешегі кеңестік дәуірде алаш тарихы бұрмаланды, ащы шындықтарды жазуға бөгет қойылды.
Қазақстан тәуелсіз ел атанған соң, қалам ұстағандардың бәрі тарихты талғажау етуге кірісті. Солардың көпшілігі
түп-тұқиянынан тартып, тарихта аты жоқ батырларды, ізі жоқ билерді, яғни, «біздің рудан, немесе біздің әулеттен мынадай-мынадай арыстан жүрек баһадүрлер, орақ ауызды әділ билер шыққан» деген секілді ойдан шығарылған қыржытпа дүниелерді жаза бастады.
Жазып та жатыр. Ол қаншалықты қажет? Білмедік.
Әбілқайырдан тым данышпан жасау, тым көреген жасау, қазақта қазақтың қамын ойлаған, болашағын болжай білген одан артық хан өтпеген, деген сияқты ұшқары пікірлер айту қаншалықты қажет? Тіпті
Қазақстанның негізін қалаған Әбілқайыр деген оғаш ой да айтылып қалып жатыр.
Қайдам?
Сонда оның алдында өткен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуке, Абылайлар тек қара басын күйттеп өткен бе?
Бір ханды мадақтаймыз деп отырып, елі үшін еңіреп өткен иісі қазақтың өзге хандарын тұқыртуға бола ма?
https://kaz.365info.kz/esalan-318926
Сөздің қысқасы, Әбілқайыр хан туралы қазақтың мүйізі қарағайдай жазушысы Қабдеш Жұмаділ «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романында былай деп жаза кетіпті:
– Тарихи деректерді саралай келгенде, 18 ғасырдағы басты оқиға – біреулер айтып жүргендей, Қазақстанның «өз еркімен» Ресейге қосылуы емес, қазақ халқының жоңғарға, тағы да басқа басқыншыларға қарсы жүргізген азаттық соғысы екені анықталды.
Ал ғасырдың басты тұлғасы – елін-жерін сатып, бодандық жолын бастаған, екіжүзді Әбілқайыр емес, қазақ жерінің азаттығы, бүтіндігі жолында қан төккен Абылай хан мен оның төңірегіне топтасқан қолбасы батырлар деген қортындыға келдік.
Әбілқайырдың ақ патшаға хат жазып, көршінің қолтығына тығылуы ел қамын ойлаған зәруліктен емес, басындағы бағын, астындағы тағын күйттеген сатқындықтан, өзімшілдіктен туыпты.
Қазақ халқы сол заманның өзінде-ақ оның ісін осылай бағалаған.
Асыл текті Барақ сұлтан Әбілқайырды жекпе-жекте жеңіп, басын алған кезде қазақтың үш жүзінен құралған жеті бидің соты оны ақтап жіберген екен.
Осы оқиғадан кейін абыройы асқан Барақты Ұлы жүз билері оңтүстікке шақырып, өздеріне хан көтермек болуы да көп нәрсені аңғарса керек. Бір таңғаларлық нәрсе,
сол заманда Абылай хан, Қабанбай, Бөгенбай, Баян, ер Жәнібек, Еспембет, Есенгелді батырлар туралы неше алуан мадақ жырлар шыққанда, Әбілқайыр хан жайындағы бір ауыз өлең тумапты.
Демек, дана халықтың кімдерге алғыс, кімге қарғыс айтқанын осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді.
Бұған біздің алып қосарымыз жоқ.
Дарын Заманбайұлы
https://kaz.365info.kz/319861-319861