Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем чемпионы Геннадий Головкинмен кездескені түсірілген видео пайда болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
“Cені қыркүйекте өте маңызды кездесу күтіп тұр. Барлық қазақстандықтың атынан саған сәттілік тілеймін. Қазақстандықтар сенің барлық жекпе-жегіңді мұқият қарайды. Біз сені мақтан тұтамыз. Бұл жастар үшін және тәрбие көрсету үшін өте маңызды”, – деді Назарбаев Президенттің телерадиокешені жариялаған видеода.
“Менің ісім – жеңу, қалғаны өз қолыңызда”, – деп күлді боксшы.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Головкинге “Қазақстан Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың” орденін табыстады. Еске сала кетейік, мұның алдында маусым айында Головкин Назарбаевқа чемпиондық белбеулерін сыйлаған болатын.
“Елімізді таныту үшін бар күшімді сарп етемін. Орайы келсе, Қазақстанда жекпе-жек өткізу жоспарда бар. Халқымыз осындай үлкен сауыққа лайық. Мұндайды көру барлығына қызық болады деген ойдамын”, – деген еді Головкин.