Семей қаласының тұрғындары 10 жыл бойы асыға күткен орталық мешіттің құрылысы қайта жанданды.
Бұл туралы Ктк хабарлады.
2008 жылдың 1 мамырында Орталық Азияның бірегей мешіттерінің біріне айналады деп басталған құрылыс жұмыстары мердігерлері талай ауысып, қаржының жетіспеушілігінен тоқтап қалған болатын.
Алайда жиналған қаржы ғимараттың төрт мұнарасының іргетасын қалаудан артылмаған. Бір жылдары тіптен түрік демеушілері, араб инвесторлары да қызығушылық танытқанымен ғимарат аяқсыз қала берді. Енді міне мешіт құрылысына 500 млн теңге бөлініп, жобаға жаңа инвесторлар тартылып, қазақстандық «ТAS Group» компаниясы құрылысты қолға алмақ.
Қаражатты «ТАСКРЕДИТ» қаржы компаниясы бөліп, «АHTAS Construction» құрылыс компаниясы бас мердігер болып белгіленген. Құрылыс жұмыстары екі жылдың ішінде аяқталып, нысан қала халқының игілігіне тапсырылмақ. Мешітке бір мезгілде 2500 адам сыйып кетеді, ал автотұрақ 500 көлікке арналған.
Тағы бір айта кететін жайт, Семей мешітінің жобасына өзгерістер енгізілді. Құрылыс компаниясы жергілікті табиғат жағдайларын ескермеген сәнді әрі салтанатты, бірақ қолайсыз эскизден бас тартты.