14 маусым күні Ресей Федерациясында футболдан 21-інші Әлем чемпионатының ресми ашылуы өтеді. «Qazaqstan» телеарнасы шараны тікелей эфирден көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Чемпионаттың ашылу салтанаты Мәскеудегі «Лужники» стадионында өтеді. Оған FIFA президенті Джанни Инфантино, Ресей басшысы Владимир Путин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзге де бірнеше мемлекеттің басшылары қатысатыны күтілуде.
Чемпионатқа әлемнің 32 үздік ұлттық құрамалары қатысады. Айта кетейік, Ресей өз тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатын ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтар FIFA- 2018 ойындарының ашылу салтанаты (астана уақытымен 20.30) мен чемпионаттың Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы (астана уақытымен 21.00) алғашқы матчын «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей көре алады. Ал Астана тұрғындары мен қонақтары үшін оны ашық аспан астында – «Қазмедиа» орталығының үлкен экранынан тамашалау мүмкіндігі бар.
Әлемдік дода аясында өтетін 60-тан астам матчты «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары түгелдей тікелей эфирден көрсететін болады. Айта кетерлігі, футболдан Әлем чемпионатының 1/8 финалы 30 маусым күні, ал қазақстандықтар Астана күнін тойлап жататын 6 шілде күні – ширек финал басталады.
Жартылай финал 10-шы және 11-ші шілде күндері, финал 15 шілде күні өтеді.