Колледж оқытушысы Әсемгүл Нұрғазинованың айтуынша, білім ошағындағы студенттер сабақтан себепсіз қалады. Тіпті оқу орнына аттап баспайтындар бар екен. Төрт қабырғаға қарап отырудан жалыққан ол мәселені көтеріп, колледж директорына бірнеше рет барған. Алайда оқу орнының басшылығы ұстаздың өзін жұмыстан шығарыпты, деп хабарлайды КТК арнасы.
«Студенттер сабаққа келмейді деп директорға жиі айтамын. Сол үшін сабақ көлемін азайтып тастады. Екінші жұмыс тауып алып, бұған да шыдап келдім.Ешқашан оқуға келмей, диплом қорғауға ғана келген студенттер бар. Мен өзімнен екі есе ұзын қыз-ұлдарды ұрмақ түгілі, ұрысқан емеспін. Тек сабақтан қалмауын талап еттім», – дейді ақпараттық технологиялар пәнінің мұғалімі Әсемгүл Нұрғазинова.
Ал оқу орнының басшылары өздеріне шаң жуытар емес. Сұхбат беруден бас тартқан колледж директоры адуынды ұстаздың ісімен енді құзырлы органдар айналыссын деп отыр. Ұстаздың өзі болса, жұмысынан заңсыз қуылғанын айтып, облыстық білім басқармасына шағымданыпты. Ондағылар колледжді тексере келе, оқытушының айтқандары расталмады деп отыр.
«Ұстаздың атынан шағым түсті. Онда колледж студенттерінің сабаққа келмейтіні айтылған. Арнайы комиссия білім мекемесіндегі журналдарды түгел тексерді. Онда студенттердің сабақтан қалғаны анықталмаған. Ал шәкірттерден бізге еш шағым түскен жоқ. Олар ұстаздың қатты ұрсатынын колледж директорына баяндап берсе керек», – дейді Павлодар облыстық білім басқармасы бөлімінің бас маманы Жанар Жәкенова.
Өзінің негізсіз жұмыстан қуылғанын айтқан ұстаз прокуратураға да шағым түсірген. Қазір бұл іске еңбек инспекциясының мамандары араласып жатыр.
Әсемгүл Нұрғазинованың өзі 18 жылдан бері ұстаздық етіп жүр. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жайы бар. Әулетім түгел ұстаздар деген ол өзінің қатал оқытушы екенін жасырмайды. Бірақ студенттерге қол ұшын да тигізбедім дейді. Енді өзін заңсыз жұмыстан қуып, кәсіби беделіне нұқсан келтірді деген айыппен колледж басшыларымен соттаспақ.