Қазақстандық робототехниканы дамытуға қолдау көрсету аясында Астанадағы ЭКСПО аумағында «Робополис» пилоттық жобасы іске қосылады.
Бұл туралы «Зерде» холдингі әлеуметтік желідегі жеке парақшасында мәлімет жариялады.
«Робополис» жобасы робототехника деңгейін дамытуға, күнделікті өмірде роботтарды пайдалануға және инновациялық жетістіктерге арналған ғылыми-техникалық базаны дамытуға бағытталған»,-деп жазылған Facebook-тегі хабарламада.
Жобаның мақсаты – жас ұрпақтың интеллектуалды әлеуетін дамыту, жастар арасында инженерлік мамандықтарды насихаттау, Қазақстанда роботтық техниканы дамытуды ынталандыру, жеке компанияларды ынтымақтастыққа тарту.
Аталған жоба аясында «Зерде» холдингі робототехника саласы бойынша байқау жариялайтынын хабарлайды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жобалар Astana Hub Халықаралық IT-стартап технопаркінің ашылуында көрсетілмек. Жеңімпаздар робототехника саласындағы жетістіктерін одан әрі дамыту мақсатында қаржылық сыйлықтар мен гранттарға қол жеткізеді.