Швейцариядан Алматыға арнайы қыдырып келген шетелдік саяхатшы әуежайға кіргелі бері түрлі кедергілерге тап болғанын айтып, мұңын шақты.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Тимати Фэс 12 жасар ұлы Ардованмен Швецариядан Алматыға арнайы келген. Турист кеден бекетіндегі қызметкердің дөрекілігінен басталған кедергілер оны әбден шаршатрқанын жасырмады.
“Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Табиғаты керемет қалада туризм саласы дамымаған деп ойламадым. Адамдардың көбі ағылшынша білмейді.
Демалатын орындарға баратын тас жолдарда нұсқаушы белгілер мүлде жоқ.
Қызмет көрсету сапасы нашар. Барлығы қымбат. Мені қойшы, мына балама обал болды.
Жолды санамағанда, екі аптада тамақты өзім жасағанның өзінде, 500 еуро жұмсадым”, – дейді Тимати.
Туристік агенттіктер бұл олқылықтың орнын толтыру үшін уақыт керектігін алға тартты. Ең алдымен, мемлекетке аяқ басатын қонақтарды алғаш болып күтіп алатын кеден бекетіндегі қызметкерлерді мәдениетті болуға үйретуден бастау керек дейді.
“Ұшақтан түскен шетел азаматтарын кеден бекетіндегілер өз әрекеттерімен үркітеді. Қарапайым сөйлесу мәнерін білмейді.
Жылы шырай танытпайды. Мойындаймын, ішкі туризмде бұдан басқа кемшіліктер өте көп. Бірақ артықшылықтарымыз да бар. Тек қолда бар байлығымызды әлемге таныту үшін мықты жарнама мен насихат ауадай қажет”, – дейді Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева.
Ал қызмет көрсету сапасын төмен деп бағалаған Тимати Фэс келесі жылы қыс мезгілінде келіп, шатқалы биік Шымбұлақты бағындырамын деп бекініп отыр.