Қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 94 жасқа қараған шағында қайтыс болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қайғылы хабарды Шора Сарыбаевтың туыстары мен әріптестері әлеуметтік желіде хабарлады.
Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 1925 жылы 2 наурызда Ташкент қаласында дүниеге келген.
Тіл білімі маманы, филология ғылыми докторы (1974 ж.), профессор. (1979 ж.), ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, (1983 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1985).
Оның ғылыми зерттеу еңбектері диалектология, морфология, лексикология, лексикография, библиография, тіл тарихы, аударма, есімнама, алтаистика мәселелеріне арналған. 250-ден астам ғылыми мақалалары мен оқулықтары, монографиялары жарық көрген. С.Аманжоловтың тілдегі диалектілерді топтау теориясын әрі қарай дамытып, диалектология саласындағы терминдердің қалыптасуына атсалысқан. “Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін” (1966), “Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігін” (1969), “Жаңа атаулар сөздігін” (1992) құрастыруға қатысқан.
1965 жылы АҚШ-тағы Гарвард корпорациясының мүшелігіне сайланған, ГФР-да (1975), Түркияда (1994) өткен халықаралық конгресс, конференцияларда баяндамалар жасаған.