Жиналыста ұйықтағандар емес, оларды суретке түсіргендер кінәлі. Ақтөбе облысының әкімі журналистерді жазалауды талап етті, деп хабарлайды КТК.
Ол үшін Бердібек Сапарбаев шенеуніктерге тілшілерді сотқа беруге кеңес берген. Яғни аймақ басшысы жиналыста қалғып отыратын қарамағындағыларға емес, олардың қылығын жұртқа жариялағандарға өкпелеп отыр.
Жақында ғана әкімдікте өткен жиналыста қатысушыларды жаппай ұйқы қысқан. Оны жергілікті журналистер суретке түсіріп, газетке басып шығарыпты. Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын ұйып тыңдаудың орнына, ұйықтап тыңдағандардың әрекеті әлеуметтік желіде де сөз болды. Бұған дейін тіпті қала басшысы Ілияс Испановтың өзі жиналыста ұйықтап кетіп, күлкіге қалған еді. Бірақ ол мұнысын осы күнге дейін мойындаған жоқ.
Дереккөз: Stan.kz