Аязды күндері Жамбыл облысында үсік шалған 7 адам денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық жедел медициналық көмек стансасының бас дәрігері Венера Балқыбекованың атап өтуінше, қаңтардың 20-сынан бастап бүгінгі күнге дейін өңірде аяз күшейіп тұр. Соның салдарынан зардап шеккен сегіз адам жедел жәрдем көлігімен медициналық мекемелерге жеткізілген.
«Үсіген адамдардың барлығы мас күйде болған. Айналасына бей-жай қарамайтын адамдар аязда далада жатқан адамды көргеннен кейін жедел жәрдем көлігін шақырады. Біреулері аулада, енді бірі үйдің жанынан, тағы бір Комсомольский көлік ауданынан табылды. Аяғын үсітіп алған енді бірі Асқаров көшесі бойындағы үйсіз-күйсіз адамдарға арналған уақытша қабылдау мекемесі жанында жатқан. Тек ішімдік ішпеген бір әйел ғана мұзға тайып құлап, ернін жарақаттап алған», – деді Венера Балқыбекова.
Айта кетерлігі, Жамбыл облысында күн райына байланысты биыл алғаш рет өңірдің қарлы әрі суық аудандарының бірі болып саналатын Мойынқұм мектептерінде сабақ тоқтатылды. Өңірде алғаш рет ауа температурасы минус отыз градусқа жуықтады. «Қазгидромет» РМК филиалы қаңтар айының соңында Тараз бен Жамбыл облыстарында қатты суық болатындығын болжаған еді. Аяздың шарықтау шегі 26-27 қаңтарға тура келіп, 29-30 қаңтарға дейін жалғасады.