Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елімізде азаматтық авиация саласында қадағалау мен бақылау жөнінде бірқатар функция атқаратын ұлттық компанияның құрылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Today.kz.
Министрдің сөзінше, жаңа ұлттық компания әлемге белгілі британдық үлгіні негізге алып құрылмақ.
“Біз британдық үлгіні енгізу жайын қарастырдық, оған орай заңға өзгерістер енгізу көзделген, яғни ұшулар қауіпсіздігі саласындағы белгілі бір бақылаушы-қадағалаушы функциялар министрлікке қарасты ұлттық компания түріндегі жаңа құрылымға өтеді”, – деді Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында.
Азаматтық авиация Комитетінен елу адам жаңа компанияға өтеді. Министрдің сөзінше, жақсы жұмыс істеу үшін бұдан да көп қызметкер керек.
Астанада авиациялық-оқу орталығы құрылатынын да қоса айтты министр. Құрылысы басталып кеткен нысан 2020 жылы ашылуды жоспарлап отыр.
ҚР инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, 2017 жылы елімізде адам өліміне әкелген бес оқиға болған. 11 адам қаза тапқан.