Шымкенттік студент электр энергиясын өндірудің баламалы әдісін ойлап тапты. Жиырма жастағы Ілияс Мұрат кәдімгі күріштің қауызын ыдырату нәтижесінде биологиялық батарея жасап шығаруға болатынын айтады.
“Биологиялық батарея мынадай 12 цилиндрден тұрады. Әрбір цилиндрдің ұзындығы 100 мм, диаметрі 50 мм болып келеді. 1 цилиндрге 50 грамм күріштің қауызы салынады. Яғни 1 цилиндрге 50 гр. күріштің қауызын салу арқылы 70 миллиАмпер ток күшін алдық және цилиндрлерді бір біріне параллель жалғау арқылы бүгінгі таңда біз мынадай светодиодты жақтық. 6 вольттық қуат көше шамдарын жарықтандыруға еркін жетеді”, -дейді өнертапқышм Ілияс Мұрат.
Айта кетейік, күріштің қауызынан қуат көзін алушылар өзге елдерде де бар. Бірақ Ілиястың жобасының артықшылығы – ондағы қалдықтардың қоршаған ортаға зиянсыздығында. Яғни қолданыстан шыққан жағдайда оны тыңайтқыш ретінде қолдана беруге болады екен. Жас өнертапқыштың бұл жобасы жуырда кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өткен байқауда бас жүлде алып, 1 млн теңгені ұтып алды. Қайтарымсыз қаражатты өнертапқыш өз жобасын жүзеге асыруға жұмсайды.
“Бұл инновациялық жоба болғандықтан, кәсіпкерлер палатасы оның бизнес жоспарын түзіп, жобаны қолданысқа енгізуіне дейін толық бақылауда ұстаймыз. Қондырғылар іздеу, инвестор тартып, қосымша қаржы көзін табу жағынан да жәрдемдесеміз. Бұл экологиялық зиянсыз жоба болғандықтан, аталған жобаға мемлекет тарапынан да қызығушылық болады деген сенімдемін”, – дейді ОҚО кәсіпкерлер палатасының бас маманы Мадина Тұрсынбекова.