Нұр-Сұлтан
Қазір
-8
Ертең
-14
USD
499
+0.17
EUR
523
+3.12
RUB
4.81
-0.04

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп қандай келісімге келді?

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен “5+1” форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға қызығушылық танытатынын айтты.

Қазақстан президенті халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-қатерлері мен қауіптерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастығын атап өтті.

– Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмекті атап өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті келіссөздер барысында Солтүстік Корея төңірегіндегі ахуалға, сондай-ақ Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қатынастардың күрделене түсуіне байланысты мәселелер талқыланғанын айтты.

– Біз Солтүстік Кореяға қатысты жаһандық мәселелерді талқыладық. Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, әлемдегі ең үлкен сынақ полигонын жапты. Ядролық қаруы бар елдерге біз таңдаған жолды ұсынуға моральдық құқығымыз бар. Иранмен де осылай сөйлестік. Солтүстік Кореяның проблемаларын АҚШ, Қытай және Ресей елдерінің бірлесе шешкені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің экономикалық ынтымақтастығының қазіргі мәселелері мен оларды нығайту перспективаларына да тоқталды.

– Қазақстанға АҚШ-тың ірі мұнай компанияларынан 50 миллиард доллар инвестиция құйылды. Бүгін біз ірі америкалық бизнес өкілдерімен дөңгелек үстелге қатысамыз. Онда 7,5 миллиард доллардан асатын сомаға 20-дан астам келісімшарт жасалатын болады. Сондай-ақ, біздің елде АҚШ азаматтары үшін визасыз режім енгізілген. Соған сәйкес лайықты жауап болады деп үміттенеміз, – деді мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамптың басшылығымен АҚШ-тың экономикалық дамуға қол жеткізіп отырғанына жоғары баға берді.

АҚШ Президенті өткізілген диалогтың маңыздылығын атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызына тоқталды.

– Біз Сізді Ақүйде қабылдағанымызға қуаныштымыз. Елдеріміздің өзара ықпалдастығына қатысты маңызды диалог өткізу мақсатымен бүгін бізге келгеніңіз үшін рахмет. Ширек ғасырдан астам уақыт бойы АҚШ Қазақстанды, мықты егемен әрі тәуелсіз елді, Орталық Азиядағы баға жетпес дос және стратегиялық серіктес ретінде қарастырып келді, – деді Дональд Трамп.

АҚШ президенті Қазақстан мен АҚШ-тың ядролық қаруды таратпау және өңірлік қауіпсіздікті нығайту ісіндегі бірлескен күш-жігерін атап өтті.

– АҚШ пен Қазақстан өңірде және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін бірлесе жұмыс істеді. Біз Қазақстандағы ядролық қаруды және оның инфрақұрылымын жойып, балаларымыз үшін қауіпсіз әрі саламатты болашақты бірлесе қамтамасыз еттік. Бүгін Қазақстан президенті екеуіміз біздің қарым-қатынастарымыз халықтарымыздың қауіпсіздігіне, өркендеуі мен әл-ауқатына қалай септігін тигізетініне қатысты диалог жүргізіп отырмыз. Корей түбегін денуклеаризациялау үшін күш біріктіру ісінде Қазақстан баға жетпес серіктес болып саналады. Біз Солтүстік Кореядағы режімнің бүкіл әлемге ядролық апатпен сес көрсетуін болдырмауға бел буып отырмыз, – деді АҚШ президенті.

Дональд Трамп Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысқаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.

– ИЛИМ-мен және “Талибандармен” соғыс жүргізіп жатқан біздің қарулы күштерге Қазақстан логистика және жол ашу тұрғысынан қолдау көрсете беретіні жөнінде президенттің өзі айтқанын аса жоғары бағалаймын, – деді Ақүйдің басшысы.

Сондай-ақ, Дональд Трамп көршілерін құрметтейтін және өз тағдырын бақылауда ұстайтын Қазақстан сияқты елдермен АҚШ ынтымақтастықты нығайта беретінін айтты.

– Қазақстан 2050 жылға қарай жаһандық экономиканың алғашқы отыздығына кіруді жоспарлап отырғанын президенттің өзі айтып бергеніне ризамын. Ол Қазақстандағы іскерлік ахуалды жақсарту үшін де жұмыс істеп жатыр. Бұл жағдай Америка компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып, жаңа жұмыс орындарын ашады, – деді АҚШ президенті.

Соңында Дональд Трамп Қазақстанды дамыту мен өркендету ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін тағы да атап өтті.

– Мен Сіздің керемет басшылығыңыздың арқасында Қазақстан халқы қол жеткізген зор жетістікті көру мүмкіндігін асыға күтемін. Біз Қазақстанда жақсы, егеменді және өркендеуге бағытталған болашақ болғанын қалаймыз. Дәл осыны әлемнің барлық бейбітсүйгіш халықтарына да тілейміз, – деді Дональд Трамп.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз