Астанада полицейлер мен мұғалімдер сабақ болмайды дегенге қарамай, мектепке кеткен баланы іздеп тапты, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға елордалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.
Полицияның мәліметінше, 2009 жылы туған бала сыныптасының үйінде болған, адасып кеткен баланы ата-анасы үйіне алып кетті.
“Полицейлер мен мұғалімдердің кешенді іздеу шараларының арқасында бала табылды. Ата-аналарға ауа райы және мектептерде сабақтың тоқтатылғаны туралы хабарламаларды мұқият қарап отыру қажеттігін тағы да ескертеміз”, − деді Қылышбекова.
“Таңертең киініп алып, лифтіден түсіріп жібер деп әкесін оятты. Сағат нешеде екенін білмеймін. Әкесі боранға байланысты мектепте сабақ болмайтынын айтып, шешініп ұйықта деген. Өзі қайтадан жатып көзі ілініп кеткен. Алайда ұлым тыңдамай үйден шығып кетті. Сағат 07:12-де мұғаліміне хабарластық. Баламның мектепке келмегенін айтты. Сабағы 08:30-да басталады. Сыныптастарына, достарына хабарласып шықты. Ешкім ештеңе білмейді, көрмеген. Бірден полицияға хабар бердік”, — деген болатын оқушының анасы Гулфуза Раджапова.