Нұр-Сұлтан
Қазір
-4
Ертең
-10
USD
523
-2.03
EUR
549
-1.55
RUB
5.07
-0.02

“Қуып жіберген…”. Бұғатталған 22 млрд долларға қатысты шындықтың беті ашылды

188

https://kaz.365info.kz/shykeev-an-tan-samyrykh-khazynanyn-kozi-zhojylady-eken-252585

Заңгердің айтпағына оралсақ, ол тарихты қаузай отырып, XVI ғасырдағы герцог Альбаның жасағанын мысал етеді. Халықаралық сот пен халықаралық қауымдастық та Қазақстанға қазір тура сол герцогқа қарағандай қарап отыр. Ендеше герцог Альба не істеген, не бүлдірген, соны сөз қылайық.

Құйтақандай ел алып империяны қалай жеңді?

„XVI ғасырда Испания бұратана елдерді билеген алып империя болған. Бәрімен соғысқан, Еуропада да, Азияда да. Голландия Испан корольдігіне қарайтын провинцияның бірі еді, басқыншылыққа кеткен шығынды жабу үшін бұл ел халқының мойнына үлкен салықтың қамыты киілді. Испания қазынасына Нидерландының 17 өңірі Америкадағы отарларына қарағанда көп табыс әкеп отырған, қазынаға алтын, күміс үйіп төгілді. Қарапайым голландықтар күйіп кетті, өйткені, біріншіден теңіздің арғы жағындағы Испания жүргізген соғыстардың оларға түк қатысы жоқ еді, екіншіден, діні мен ділі өздерінен бөлек испандықтар ол ақшаға неміс протестант князьдарымен соғысты. Ал немістер голланд кәсіпкерлері үшін барлық жағынан жақын еді. Сондықтан бұл қанаушылық көпке созыла алмады. Ақыры голландтар көтерілді.

Тығырыққа тірелген испан патшасы көтерілісшілерді басып-жаншу үшін герцог Альбаны жіберді. Ол аянбай қалмады. Әр адам кез келген сәтте басындағы үйдің төбесі құлап кететіндей үнемі қорқып өмір сүретіндей болуы керек. Осындай қағидат ұстанған герцог көтерлістің бірнеше көшбасшысын сотқа тартып, аяусыз жазалады.

Біреулерінің басын кесті, біреулерінің барлық мал-мүлкін тәркіледі, ал халықты салықпен қанап қойды. Былай айтқанда, бизнес өлді, барлық шеберхана, сауда лашықтары шетінен жабылды, кейбір қалаларда халықтың саны бірнеше он мыңға қысқарды. Герцог орнатқан қатаң тәртіптен ел жапа-тармағай қашып, жыраққа кетті.

Осылайша атақты герцогтың „дағдарыс-менеджменті„ арқасында голланд өңірлері мен патша арасында ұзақ жылдарға созылған соғыс басталып кетті.

Үлкен империя жанында құйтақандай голландықтар ақыры жеңді. Неге екенін білесіз бе? Өйткені олар тиімді экономика құрды. Теңізден жырақта орналасқан кішкентай экономика қалай тиімді боп кетті дейсіз бе? Себебі испан патшалығына қарағанда бұл кішкентай елдің соты әділ әрі таза болды. Әділ сот жекенің меншігін қорғады. Еуропаның барлық инвесторы Мадридтегі тиран билікке қарағанда шағын Нидерланды елінде жеке меншік құқығы қатты құрметтелетінін жақсы білді.

Келісімшарттар бұзылмайтын, ал бұзылған жағдайда толықтай жауапқа тартылатын ел бары туралы сөз инвесторлар арасында аңыз боп тез тарады. Осылайша мұнда инвесторлар ағылды.

Ал инвесторлардың сеніміне кірген қарапайым голландықтар олардан арзан несие алып, жан-жақтан тауар тасып, сата бастады. Сөйтіп басқаларға қарағанда көп ақша тапты. Тапқан ақшасын Испаниямен арадағы соғысқа жұмсады. Ал Испания болса бірнеше рет өзін банкрот деп жариялады. Ақыры патшаға жалданғандар еңбекақысы кешіккен соң Мадридті тастап кете бастады. Ал әбден титықтаған испан халқы көтерілді.

Әділ сот болмай даму жоқ бізге!

Орта ғасырдағы осы Голландия мен қазіргі біздің елге ортақ не бар дерсіздер? Қазіргі әлем экономикасы несиеге негізделген. Ал несие сенімге сүйенеді. Сенім адалдықты арқау етеді. Ал адалдық әділдікті ту етеді.

https://kaz.365info.kz/khazakhstan-oligarhtary-otanyn-nege-satyp-zhyr-taza-khazakhkha-khashan-bajlykh-byjyrady-250314

Егер әділ соттың орнына бұра тартып, күшке салсаңыз Сізге ешкім ақша бермейді. Ақша бермесе – ұтылғаныңыз.
Егер саяси немене экономикалық дау-дамайды күмәнді қылмыстық істі қозғау арқылы шешуге тырыссаңыз да – ұтылыс.

Бірақ қазіргі инвестор бағзы заманға қарағанда әлдеқайда қорғалған. Мысалы, молдаван инвесторына қарсы қозғалған қылмыстық істе бірдеңе дұрыс болмады. Содан соң да ол халықаралық соттың төрелігіне жүгінді.

Салдарынан Ұлттық қордағы мемлекеттік ақша бұғатталды. Бұл, әрине толықтай жеңіліс емес, бірақ оны жақсы деп айтуға тағы келмейді.

Кейде біздің күш құрылымы мен шенділер орта ғасырдағы Голландияда герцог Альбаның қылғанын қылып, инвесторларды шошытып-үркітеді. Ал олардың ақшасын алып, басқа жаққа кете салуы қазір оп-оңай. Кейбір инвестор полиция билігін асыра пайдаланатын мемлекетті халықаралық сотқа беріп жатады. Біздің жағдайдағыдай…

https://kaz.365info.kz/ysh-arip-pen-politsiyanyn-bylygyn-bilem-otstavkadagy-polkovnik-bas-prokuraturaga-datyn-zholdady-250134

Бұдан не түюге болады? Көп созбай, сотты реформалауымыз керек, әйтпесе орта ғасырлық патшалық құсап түгіміз қалмай тақырға отырамыз. Ал қазіргі сот жүйесі бізді аман алып қала алмайды. Керісінше, тоқырағанның үстіне тоқырай бермек.Бір молдаван кәсіпкерінің арызы біздің 22 млрд доллар ақшамыздан айырды. Ал мұның қайталанбайтынына кім кепіл?..

Әділ сот болмай, даму жоқ бізге. Қай саладан алып қарасаңыз да. Ал сот атқарушы биліктен тәуелсіз болғанда ғана әділ болады. Сот жүйенің қарауылы емес, ешкімге бағынбай өзі төрелік жасайтын қабілетке ие болуы тиіс„ – дейді заңгер.

Молдован инвесторы туралы ресми мәлімет жоқ

Ал Қазақстанға ақша салған молдован инвесторлары туралы кеңірек мәліметке келер болсақ, әлеуметтік желіде шетел жаңалықтарын шолып жүрген Қуаныш Еділхантегі ағамыз былай жазады:

„…Қазақстан шетелдіктерді инвестиция салуға шақырады, барлық жеңілдіктер жасалатындығына, тіпті алғашқы кезде салықтан да босатылатынына cендіреді. Осыған сенген молдавандық кәсіпкер Стати Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстау облысына келіп, кенорнын ашады. Меніңше ол “Толқыннефтестрой” ЖШС деп аталды. Алғашқы кезде бәрі жақсы болады – темір жол бойындағы елді-мекендердің (Боранқұл, Бейнеу, 4-разъезд, Сайөтес, т.с.с.) адамдары жұмысқа орналасады.

Вахталық әдіс, жоғары айлық, әппақ төсек, үйінде жоқ тамақ (мұны сонда жасап, артынан жұмыссыз қалған жұмысшылардан естідік). Компания дамып, далаға босқа жанып кетіп жатқан газды өңдеу мақсатында газ өңдеу зауытын салуды бастап кетеді (әлде соған дайындықты?).

Міне, осы кезде компания мен Қазақстан үкіметі арасында кикілжің басталады, оларға тексерулер, аудит, т.с.с. жіберіледі, артынан оларға аляқтық жасады деген кінә тағылып, ақыры Қазақстаннан қуылады.

Біз білетін хабардың жалпы ұзын-ырғасы осындай. Алаяқтық жасаған болса, ол қандай алаяқтық – оны түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір біздің көзімізге түспеді. Білетіндер болса, осында сілтемесін салар деп үміттенеміз.

https://kaz.365info.kz/rys-aliev-tiri-eken-atyrauda-tojda-zh-r-240256

Мұнда мәселе тек Статиде емес сияқты деген де пікір айтылды. Бәрі де мүмкін. Мысалы, Батыс инвесторды бұлайша дөрекі түрде қуып жіберудің дұрыс еместігін түсіндіруге тырысқан шығар, біздің жақ “білгеніңді жасап ал” дегендей, қолын бір сілтеген шығар? Жарайды, жәй сөзге түсінбесеңдер былайша түсіндіріп көрейік, Батыстың кім екенін, сіздердің кім екендіктеріңізді деген шығар?..„

Ұлттық банк: алаңдауға негіз жоқ

Қазақстан Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық қордың 22 миллиардтан астам қаржысының шетелде бұғатталуын “қиын кезең” деп есептеуге болмайды деп баспасөз алдында ресми мәлімдеме жасады.

«Біз шешімнің қаншалықты заңды жасалғанын анықтау үшін сотқа бердік. Біз Лондондағы Жоғары сотқа шағымдандық, сот бұл мәселеде бас тартты, бірақ бізде аталған шешімге апелляция беруге мүмкіндік бар. Біз кастодиан-банк [New York Mellon] заңға қайшы әрекет жасады деп ойлаймыз, шағым сомасын активпен салыстыруға келмейді»,- деді ол.

Шетелдік баспасөз де Ұлттық банктен жауап іздеп көруге тырысыпты. «Фергана» агенттігіне берген пікірінде ҚР Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов былай депті:

„Әрине, біз үшін бұл жағымсыз жаңалық, бірақ күйіп бара жатқан дәнеме жоқ. Мысалы, жол ережесін бұзсаңыз, сізге айыппұл салынады, ал сот сол айыппұлды төлемегеніңіз үшін шотыңыз бен үйіңізді бұғаттап тастайды. Әрине, сіз мұнымен келіспей соттың бұл шешіміне қарсы арызданасыз. Бұл да сол секілді ғой. Кәсіпкердің миллионы мен Ұлттық қордағы миллиардты салыстыруға әрине келмейді.

Жаман дегеннің өзінде, біз талап етілген соманы жауып, Ұлттық қордың шотын бұғаттан ажырата аламыз. Оған бек сенімдіміз.

Қазір Ұлттық банк соттың шешіміне қарсы арызданды. Әзірге, бұғатталып тұр, бірақ ол уақытша деп ойлаймын. Оны ешкім алып қояйын деп жатқан жоқ, тек бұғатта тұр. Осыны дұрыс түсініңіздер„.

Айта кетелік, 2017 жылдың желтоқсан айындағы ҚР Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, Ұлттық қордағы қордың көлемі 57,3 млрд доллар болған. Демек, бұғатталған ақша – Ұлттық қордың тең жартысы. Бұл „шәләм-бәләм„ емес екенін үкіметтігілер де жақсы түсініп отырған болар. Ал олар әзірге үнсіз…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз