Павлодар ауданындағы ауылдық округінің әкімі бақташымен дөрекі сөйлесіп, мемлекеттік қызметшінің этикалық мәдениетін сақтамағаны үшін ескерту алды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы әкімі аппаратының этика бойынша өкілетті Юрий Фельдман айтты, – деп хабарлады Pavlodarnews.kz
«2017 жылғы 1-желтоқсандағы статистикаға сәйкес, жергілікті атқарушы органның 486 мемлекеттік қызметшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде этика нормасын бұзғандар саны – 20, қызметтік тәртіпті бұзғандар – 110 және басқа да бұзушылықтарға жол берген 356 адам бар. Әдеп жөніндегі комиссия және кеңестің ұсыныстары бойынша жергілкті атқарушы органның 44 қызметшісіне тәртіптік жаза қолданды.
Нақтырақ айтсақ, әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін – 14, мемлекеттік қызметтің абыройына нұқсан келтіргені үшін – 11, басқа бұзушылықтарға қатысты 19 қызметші өз жазасын алды, – дейді Юрий Фельдман.
Этика бойынша өкілетті спикердің сөзіне сүйенсек, мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты барлық проблемалық мәселелер бойынша оқиға орнына шығу арқылы тексеріс жүргізілген. Осылайша, Успен (жер қатынастары мәселесі), Май (аудан әкімінің жұмысын сынға алу), Железин (Михайлов, Еңбекші ауылдық округтері тұрғындарының әкімдеріне ұжымдық шағым жасауы), Лебяжі (аудандық білім беру бөліміндегі моральдық-психологиялық ахуалға шағым және т.б.) аудандарына жұмыс сапарлары жасалды.
«Мәселен, Павлодар ауданының тұрғыны хабарласып ауыл әкімінің бақташымен дөрекі сөйлескенін жеткізді. Осыған байланысты ауыл басшысына ескерту берілді», – деді Фельдман.