Бүгін Димаш Қытайда әлемдік турнесінің ауқымды концертін өткізеді. Соның қарсаңында Димаш Құдайберген Қытайдың орталық телеарнасы – CCTV арнасына сұхбат берді.
Бұл сұқбаттың үзінділерін бес бөлікке бөліп, Димаштың өзі Инстаграмдағы жеке парақшасында жариялады.
Димаш Singer жобасының финалына шығып, жеңіске жету оңай болмағанын айтты.
“Көбісі ойлайды, жобаға қатысып, финалға шықты, жеңді, ол оңай деп. Бірақ бұл ерен еңбектің нәтижесі. 5-6 жасымнан бастап жарты күнім білім алумен, күннің екінші жартысы музыкалық мектепте өтті. Қазір жүрегімде де, миымда да музыка. Singer жобасы өмірімді айқындап берді десем қателеспеймін”, — дейді әнші.
“Мені жақтырмайтындар да бар, өнерімді тамашалағысы келмейтіндер де бар”, — дейді ол.
Димаштың айтуынша, туған жерінен жырақта жүрген адам достарының қасында да жалғызсырайды.
“Адам жалғызсырайды. Қанша жерден қасыңда достарың болса да, туған жердің топырағы жібермейді, оны мойындау керек”, — дейді әнші.
Сұхбат соңында жас жұлдыз өмірін музыкасыз елестете алмайтынын, өмірлік миссияларының бірі ән айту екенін жеткізді.
Сұқбаттың толық нұсқасымен төмендегі сілтемелерді басу арқылы таныса аласыздар.