Ақтөбеде «Жыр арқауы – жаңғыру» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Тәуелсіздік күніне арналған айтыста «Алтын домбыра» иесі анықталды, деп хабарлайды Қазақпарат .
Ақтөбеде республикалық ақындар айтысы өтті. Барлығы 5 жұп алты сағат бойы ақтөбеліктерді жырға бөлеп, ел ішіндегі өзекті мәселерді қозғады.
«Айтыс – қазақ халқына ғана тән ұлы өнер. Жігітті талантына сай түстеген ақындар айтысы өте тартысты өтті. Ешкім ешкімнен кем емес»,- деді Қазақстанның халық ақыны, қазылар алқасының төрағасы Қонысбай Әбіл.
Кейін жүлдегерлер анықталды. Қазылар алқасының шешімімен Данияр Алдабергенов, Қуаныш Шарманов, Мурадым Ерланов және Сағадат Нұрманов алғыс хат пен 350 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
ІІІ орын Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамыс және Әсет Дүйсебаевқа бұйырды. Олар 750 мың теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды. Екінші орынды Жарқынбек Наушабеков алды. Оған 1 миллион теңге қаржылай сыйлық берілді.
Бірінші орын алған Сырым Әуезханға 2 млн теңгелік сыйлық табысталды. Ал бас жүлдеге тігілген 3 миллион теңге мен «Алтын домбыраны» Жандарбек Бұлғақов жеңіп алды.
«Ақтөбеліктер алты сағат бойы айтыс тыңдап, тапжылмай құрмет көрсетті. Ақындарымыз өнерлерін аяп қалған жоқ. Айбынымызды асырды, рухымызды тасытты. Бәріміз шабыттанып отырмыз»,- деді Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш.