Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Стандарттау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Халық қалаулылары заң жобасының 14-бабына назар аударды. Онда стандарттау жөніндегі құжаттарды заңды және жеке тұлғалардың таратуы ұлттық стандарттау органымен келісім болған кезде жүзеге асыру мүмкіндігі айтылған.
Мәжіліс Төрағасы аталған бапта қалыптастыруды, жүргізуді және сүйемелдеуді ұлттық стандарттау органы жүргізетін нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорына назар аудара келіп:
“Аталған ақпараттық жүйені жалпыға ортақ қолжетімді етуге не кедергі болып отыр? Әрине, стандарттау институты одан түскен қаржымен ақпараттық жүйені жүргізу бойынша шығындарын жабатыны түсінікті. Алайда, оны тарату үшін арада делдалдың болуы қандай қажеттіліктен туып отыр? Оның үстіне заң жобасында оларды таңдау бойынша, қызмет құны бойынша, тіпті, ақпараттардың шынайылығына жауапкершілік турасынан ешқандай өлшем, талап белгіленбеген”,-деді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасының үкіметтік нұсқасында бұл норма «делдал үшін», «кәдімгі пайда табатын орын ашатынын» айтқан Мәжіліс Төрағасы:
“Жұмыс тобы екінші оқылымға дейін осы бапты қарап, маңыздылығына қатысты нақты шешім қабылдауы керек”,-деді.
Айта кетейік, заң жобасының негізгі мақсаты субъектілердің және олардың стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру процесіндегі қатынастарының жиынтығы ретінде ұлттық стандарттау жүйесін қалыптастыру болып табылады, онда стандарттаудың мақсаттары, қағидаттары, стандарттау субъектілерінің құзыреті мен олардың өзара іс-қимыл рәсімдері нақты айқындалған.