Ақтөбедегі Халыққа қызмет көрсету орталығында 59 жастағы азамат көз жұмды.
Ол талонмен кезегін күтіп, уақыты келіп оператор кассаға шақыртқанда тұра беріп құлаған деп хабарлады “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі. Бірден жедел жәрдем шақыртылғанымен, өкінішке қарай, бәрі кеш болды.
Ведомствоның мәліметінше, ер адам №1 қалалық ХҚКО-да қайтыс болған. 20 қараша күні күндіз ол орталыққа мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу үшін келіп, оператордан талон алған. Бірнеше минуттан кейін оны өтінішін қарауға шақыртады, сол кезде азамат оператордың үстеліне жетпей есінен танып қалған.
“10 минуттың ішінде жедел жәрдем қызметкерлері келді, олар азаматтың қайтыс болғанын анықтады. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге тромбоэмболия себеп болған “, — деп жазылған хабарламада.
Мемлекеттік корпорация марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.