Кеше Алматыда құтқару қызметі мен полиция аяқтан тік тұрды. Орталық көшелердің бірінде орналасқан жанармай құю бекетінің аумағына темір жол вагоны аударылып кеткен.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Ол бензин және дизель сақтайтын цистерналардың үстіне келіп құлап, жарылыс, өрт тұтану қаупін тудырды. Мамандар апат аумағын қоршап, тығырықтан шығар жолды іздеп жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері вагондарды әлі орнынан қозғалтқан жоқ. Департамент өкілінің айтуынша, ауыр темір жол құрылғысын орнынан жылжыту үшін арнайы іс-шаралар жоспары жасалған. Төтенше жағдай қызметкерлеріне сенсек, адамдарға еш қауіп төніп тұрған жоқ. Жанармай құю бекетіне жақын орналасқан тұрғын үйлерден 30-дан аса адам уақытша көшірілген. Әзірге олардың үйлеріне қайтуына рұқсат берілген жоқ.
“Жақын маңдағы адамдарды бірден қауіпсіз жерге көшірдік. Өрт тұтану қаупінің алдын алдық. Енді вагондарды көтеретін арнайы кранды күтіп отырмыз. Қазір олардың жолдан қалай шығып кеткендігін тексеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды”, – дейді Алматы қалалық ТЖД өкілі Жеңісбек Бозбаев.