Маңғыстау облысында кәсібін дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отырған іскер әйелдің саны артып келеді. Өңірде бұрын болмаған бизнес ашып, табысқа кенелген кәсіпкерлер биыл 4 бағыт бойынша кәсіби қауымдастықтарға мүшелікке өтті.
Бас-аяғы 150 адам «Ғимараттың ішкі көрінісін сәндеушілер одағы», «Кондитерлер», «Сән үлгілерін әзірлеуші дизайнерлер» және туристік қауымдастықтарға қабылданған. Бұл туралы Іскер әйелдер қауымдастығының өңірдегі филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Қарлығаш Қожабаева, өңірлік «Кондитерлер» қауымдастығының президенті:
– Мамандығымның кәсіби шебері атану үшін шет мемлекеттерді жиі араладым. Әлемдік тәжірибеде қолданылатын кондитерлік тәсілдерді меңгердім. Әсіресе итальяндық әріптестерімнің бір қауымдастыққа жұмылып, бірлесе жұмыс істеуі қызықтырды. Осы әдісті өз елімізде неге қолданбасқа деп ойландым. Қазір жергілікті мамандардың қолдауымен құрылған кондитерлер қауымдастығын басқарамын. Өз білгенімізбен бөлісіп, жас мамандарды баулуды қолға алып жатырмыз.
Маңғыстауда 55 мыңнан астам адам бизнеспен шұғылданады. Олардың жиырма пайызын іскер әйелдер құрайды. Олар сауда, туризм, тауар өндіру салаларында еңбек етеді. Ал ауыл әйелдерінің үлесі бар болғаны – үш пайыз. Алайда қолөнер шеберлері пішкен ұлттық нақыштағы киім-кешек пен кәдесыйлар ішкі нарықтан бөлек «Қазақстанда жасалған» брендімен шетел асып, сатылып жатыр. Ақтауда сән үлгілерін әзірлеуші дизайнерлер қауымдастық құрып, ортақ іске жұмыла кірісті. Басты мақсат – қазақ халқының тұрмыс мәдениетін насихаттаушылар санын арттыру.
Сәуле Салихова, өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:
– Іскер әйелдер кеңесінің жұмысы ауылдардағы әйелдерді көлеңкеден шығарып, ауданның болмаса облыстың бюджетіне үлес қосу үшін осындай жұмыстарды көп жүргізіп жатыр. Әйелдер қатары оқуға, семинарларға жиі қатысуда. Сол бізді өте қуантады. Микроқаржы орталығымыз бар, бірнеше әйел несие де алды. Сонымен қатар 85 жаңа жұмыс орнын ашты.
Облыс аумағында мектепке дейінгі жекеменшік мекеме ашқан іскер әйелдер де өз алдына дербес қауымдастық құруды жоспарлап қойған. Мамандар сәбидің ой-өрісін дамытар тың әдістерді қолданысқа енгізіп, дәріс беруді оңтайландыру жолдарын бірге зерттеуді көздеп отыр.