Каталонияның автономдық дәрежесін тоқтату демократияға қарсы шабуыл жасағанмен тең. Каталония үкіметінің басшысы Карлес Пучдемон Испания үкіметі каталондықтардың таңдау құқығына шектеу қойып, бір мәмілеге келуден бас тартып отыр деп мәлімдеме жасады.
Бұған дейін Каталония парламентінің басшысы Карме Форкадел Испан билігін мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынып отыр деп айыптады.
Испан премьер-министрі Мариано Рахойдың айтуынша, шешім Каталонияның автономдығын тоқтатпайды. Ол тек өңірдің өзін өзі басқаруы мен мәртебесін бұзған лауазымды тұлғаларды биліктен шектеуді ғана қарастырады. Осыдан кейін Барселонаға тәуелсіздікті жақтаушылар жиналып наразылық шеру өткізді. Акцияға 450 мыңға жуық адам қатысқан.
Карлес Пучдемон, Каталония үкіметінің басшысы:
– Мен бүкіл Еуропаға үндеу жолдаймын. Бұл тек саясаткерлер ғана емес барлық тұрғынға арналады. Егер еуропалықтар басты құндылығымыз деп санайтын еркіндікке Каталонияда қауіп төнсе онда бүкіл Еуропада да осындай болуы мүмкін. Ұлт болашағына қатысты еркін демократиялық шешім қабылдау қылмыс емес. Ал оны қудалау, біздің құндылықтарымызға қайшы.